Суперкомпьютерді құру: жабдықтарды АҚШ-тан жеткізу процесі қалай жүріп жатыр

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі суперкомпьютерге қажет жабдықтарды жеткізу процесіне түсінік берді.

- Министрлік елде жасанды интеллект үшін технологиялық инфрақұрылымды құру бойынша тиісті жұмысты атқарып отыр. Қазақстан Республикасының аумағында суперкомпьютерді орналастыруға қажетті Nvidia есептеу қуаттарының экспорты үшін өтінім берілді, бұл барлық елдер үшін қолданылатын стандартты процедура. Экспорттық лицензия алу процесі АҚШ үкіметтік органдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Суперкомпьютерді құру жұмыстары экспорттық лицензия алынғаннан кейін және қажетті жабдық ел аумағына жеткізілген соң аяқталады. Орнату және іске қосу кезеңі аяқталғаннан кейін, суперкомпьютер жұмысқа дайын болады, - делінген Цифрлық даму министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомство суперкомпьютерді жалға беру мүмкіндігі болатынын нақтылады.

- Суперкомпьютер инфрақұрылымы Ұлттық жасанды интеллект платформасымен біріктіріліп, мемлекеттік цифрлық өнімдерді әзірлеу және енгізу үшін негізгі элементке айналады. Ерекше назар үлкен тілдік моделі KazLLM-ды қолдауға және оның негізінде ЖИ агенттерін жасауға аударылады. Сондай-ақ, министрлік есептеу қуаттарын бизнес пен ғылыми қауымдастыққа жалға беру мүмкіндігін қарастырады, - деп аталып өткен министрлік мәліметінде.

Еске салсақ, Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірісті.