Суперкомпьютерлерден IT-экспортқа дейін: әлемдік БАҚ Қазақстанның технологиялық дамуын талдады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Елде суперкомпьютерлер іске қосылып, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Британиялық Global Banking & Finance Review халықаралық қаржы-сараптамалық басылымы осы бастамаларға назар аударып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономика құру саясатына шолу жасады.

Фото: СИ

Басылым Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту тек жаңа цифрлық қызметтерді енгізумен шектелмейтінін атап өтеді. Елде жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге, оларды үлкен көлемдегі деректер негізінде оқытуға және шетелдік клиенттерге есептеу қызметтерін ұсынуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптасып келеді.

Авторлардың назар аударған негізгі мәселелерінің бірі — мұндай жүйенің жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар. Атап айтқанда, электр энергиясы, заманауи есептеу құрылғылары, деректер орталықтары, бағдарламалық модельдер мен оларды пайдалануға арналған өнімдер өзара байланыста болуы керек.

Суперкомпьютерлер мен деректер орталықтары не үшін қажет?

Қазақстанда екі суперкомпьютер іске қосылған. Үшіншісін 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Екібастұзда Data Center Valley жобасы жүзеге асырылып, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Каспий теңізі арқылы өтетін халықаралық байланыс желілері де дамып келеді.

Бұл инфрақұрылым нысандарының әрқайсысы белгілі бір міндет атқарады. Суперкомпьютерлер күрделі есептеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Деректер орталықтары ақпаратты сақтауға және цифрлық қызметтердің жұмысын қамтамасыз етуге қажет. Ал халықаралық байланыс желілері Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын сыртқы нарықтармен байланыстырады.

Бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтармен сабақтас. Мемлекет басшысы цифрлық экономиканы қалыптастыруды ел дамуының маңызды міндеттерінің бірі ретінде атады.

Жолдауда жасанды интеллектіні іс жүзінде қолдануға, деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға және суперкомпьютерлердің мүмкіндіктерін пайдалануға ерекше мән берілген. Сондай-ақ Президент Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді.

Алайда мұндай жобалардың нәтижесі орнатылған серверлердің санымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы — олардың кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтерді жақсартуға және экспортқа арналған жаңа цифрлық өнімдер шығаруға қаншалықты ықпал ететіні.

Ұлттық суперкомпьютердің мүмкіндіктерін кімдер пайдаланып жатыр?

Қазақстанда суперкомпьютерлердің есептеу қуаттарын іс жүзінде пайдалану жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластерінің ресурстары мемлекеттік органдарға, ғылыми-зерттеу институттарына, университеттерге, стартаптар мен компанияларға пайдалануға ұсынылған.

Қазір кластердің есептеу қуатының 90 пайыздан астамы 50-ден астам ұйым арасында бөлінген.

Бұл инфрақұрылымды тек шетелдік ірі тапсырыс берушілерге қызмет көрсету үшін ғана емес, ғылыми зерттеулер жүргізуге, мамандар даярлауға және қазақстандық технологиялық шешімдерді әзірлеуге де пайдалануға мүмкіндік береді.

Басылым авторлары жасанды интеллектке негізделген экономиканы дамыту үшін есептеу қуаттарының болуы жеткіліксіз екенін атап өтеді. Электр энергиясы мен заманауи есептеу құрылғыларының мүмкіндіктерін отандық жасанды интеллект модельдерімен және нарықта сұранысқа ие бағдарламалармен ұштастыру маңызды.

IT-қызметтер экспорты қаншаға өсті?

Кейінгі жылдары Қазақстанда цифрлық саланың ғылыми және коммерциялық бағыттары да айтарлықтай дамыды.

Мәселен, елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығындар 2018 жылғы 72,2 миллиард теңгеден 2025 жылы 261,5 миллиард теңгеге жеткен. Яғни бұл көрсеткіш жеті жылда номиналды мәнде 3,6 есе өскен.

Ал IT-қызметтер экспорты 2020 жылғы 33,5 миллион доллардан 2025 жылы 1,142 миллиард долларға дейін ұлғайған.

Ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаражаттың артуы жаңа технологиялар әзірлеуге мүмкіндік береді. Ал IT-қызметтер экспортының өсуі қазақстандық цифрлық шешімдерге халықаралық нарықта сұраныстың кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Ендігі маңызды міндет — осы мүмкіндіктерді елде қалыптасып жатқан есептеу инфрақұрылымымен ұштастыру. Бұл отандық компанияларға өз технологияларын әзірлеп, өнімдерін жетілдіруге және халықаралық нарыққа кеңінен шығаруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін NVIDIA компаниясы Екібастұздағы Data Center Valley жобасы туралы мақала жариялағанын хабарлаған едік.