Суперкубок-2022 мен Қазақстан Кубогы -2022 Ақтауда өтеді

АҚТАУ.ҚазАқпарат - Ақтау қаласында алғаш рет футзалдан «Суперкубок-2022» және «Қазақстан Кубогы» маусымы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін суперкубок 17 шағын аудандағы «Халық арена» спорт кешенінде сағат 16:00-де өтеді.

Ал 7-10 қыркүйек аралығында ел Кубогының матчтары өтеді. Оған сегіз команда қатысады. Атап айтқанда, «Рахмет» (Ақтөбе), «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Қайрат» (Алматы), «Каспий» (Ақтау), «Ақтөбе» (Ақтөбе), «Атырау» (Атырау), «Аят» (Рудный), «Байтерек» (Орал) командалары.

«Қазақстан футзалының тарихы Маңғыстау өлкесінен басталған. Сол себепті «Суперкубоктың» және «Қазақстан Кубогының» маусымы Ақтауда өтеді деп бекіттік. Маңғыстаудағы футзал ойындарының ұйымдастырушылық деңгейі, жанкүйерлік қолдаулары барлық Қазақстан футзал ойындарына үлгі болып отыр, - деді Қазақстан Футзал Ассоциациясының президенті Төлеуғали Тайтулеев.

Ойындардың әділ өтуін қамтамасыз ету, төрешілердің деңгейін көтеру мақсатында әрбір ойын біткен соң сараптама өткізіліп, төрешілерге рейтинг жасақталады. Сондай-ақ UEFA тарапынан тегін тәжірибелік сағат өткізуге Испаниядан арнайы төреші келеді.

«Қазақстан Кубогы» маусымында команда құрамында 80% жергілікті ойыншылар өнер көрсетеді және клуб директоры Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына «Каспий» клубынан 2 ойыншы шақырылды», - деп атап өтті «Каспий» МФК директоры Ержан Джамбиров.

«Жаңа маусымның Ақтауда басталғалы тұрғанына қуаныштымын. Себебі қаланың теңіз жағалауында орналасуының өзі ойыншыларға керемет атмосфера сыйлайды. Испания, Португалия сияқты елдерде үлкен матчтарды теңіз жағасында өткізуге тырысады. Қазақстанда да осындай мүмкіндік бар, сондықтан маусым бойы атмосфераның керемет болатынына күмән жоқ», - деді «Қайраттың» бас бапкері Рикардо Кака.