«Қайрат» - «Ақтөбе» кездесуінің бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан суперкубогындағы «Қайрат» (Алматы) пен «Ақтөбе» кездесуінің алғашқы кезеңі аяқталды.
Екі команда алғашқы минуттан тәжірибелі футболшыларға сенім білдірді. Алматылық клуб сапында былтыр негізгі құрамда шыққан ойыншылар бұл жолы да бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің сеніміне ие болды. Ал «Ақтөбе» сапында команда құрамына биыл қосылған Еркебұлан Сейдахмет пен Оралхан Өміртаев ойын басынан негізгі құрамда шықты.
Кездесу қос команданың алма-кезек шабуылымен басталды. Ойынның алғашқы минутында ақтөбелік команда тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Одан кейін «Қайрат» та қарсы шабуылға шықты. Кейбір сәттерде гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберіп алып жатты. «Ақтөбе» қақпашысы Андрей Влад сенімді қимылдап, алматылық команданың өткір шабуылына тойтарыс берді.
Бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды.
Бұл ойында астаналық Саят Қарабаев бас төреші қызметін атқарып жатыр. Оған астаналық Тимур Тұрсымбаев пен Нұржан Жүнісов көмекшілік жасауда. Қосалқы төреші де астаналық Георгий Жуковский.
Қазірге дейін «Ақтөбе» 2008, 2010, 2014 жылдары үш мәрте суперкубокты төбесіне көтерсе, «Қайрат» 2016, 2017 жылдарда екі мәрте жеңімпаз атанды.
Ақтөбелік клуб өзі қатысқан суперкубоктың барлығында жеңсе, алматылық команда 2015, 2018, 2019, 2022 жылдары қарсыластарына есе жіберіп қойды.