Супермаркет пе, базар ма? Қазақстандағы саудада кім неге мән береді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сауда саласында 1,5 млн адам жұмыспен қамтылған, бұл елдегі жұмыс күшінің 17%-ына тең. Бұл туралы Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде айтылған.
Зерттеуге сәйкес:
- Қалалық тұрғындар супермаркеттер мен сауда орталықтарын артық санайды;
- Ауылдық жердегі халық пен егде жастағылар базарлар мен дәстүрлі сауда орындарын жиі таңдайды;
- Тұрмыстық тауарлардың 36,9%-ы, азық-түліктің 33,3%-ы супермаркеттерден алынады;
- Киімнің 43,1%-ы базарлардан сатып алынады.
- Онлайн-сауданың үлесі артып келеді. Киім мен тұрмыстық заттарды интернеттен сатып алу жастар мен әйелдер арасында кең таралған. Электрондық сауда нарығы 2022 жылдан бері 60%-ға өсіп, 2024 жылы 3,2 трлн теңгеге жетті. Оның бөлшек саудадағы үлесі 14,1%-ды құрады, - делінген ақпаратта.
Салада әйелдердің үлесі басым, сауда қызметкерлерінің үштен екісі әйелдер. Сонымен қатар, ерлер үлесі де 2021 жылғы 30%-дан 2024 жылы 33%-ға артқан.
Көтерме сауда айналымы соңғы алты жылда 27 трлн теңгеден 47,2 трлн теңгеге дейін өсіп, 74,8% өсім көрсеткен.
Ал бөлшек сауда көлемі 2019 жылғы 11,3 трлн теңгеден 2024 жылы 23,6 трлн теңгеге жетіп, екі еседен астам артқан.
Айта кетейік, алты айда Қазақстанда 54 сауда үйі пайдалануға берілді.