Супермаркет жарнамасы үшін қоғамдық тәртіпті бұзған блогер жазаланды

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбылда қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Супермаркеттердің бірінің жарнамасын түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогер жауапкершілікке тартылды.

Болашақ көрермендердің назарын аудартуға тырысқан ол қойылым ретінде автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырған және жолаушымен дөрегі дауыспен сөйлесіп, өтіп бара жатқан адамдарды шошытқан.

— Полиция құқық бұзушыны анықтап, оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартты. Супермаркет жарнамасын агрессивті түрде түсіру блогер үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынумен аяқталды, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Жетісуда кәсіпкерден ақша талап еткен блогерге үкім шыққанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, Алматы сотында Мұқағалиге сөз тигізген блогерге қатысты іс тоқтатылғаны белгілі болды.