Супермаркетте есірткі қосылған ет сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Флорида штатына қарасты Тампа қаласында дүкеннен сатып алынған еттен бір отбасының төрт мүшесі уланып қалды. Аталған етке біреулер есірткі қосып жіберген, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Ронни Моралес пен оның екіқабат жұбайы Джессика Росадо танымал Walmart әмбебап дүкенінен жентектелген сиыр етін сатып алады. Кешкі астан кейін ең бірінші Моралес өзін жайсыз сезініп, оны жұбайы ауруханаға алып барады. Дәл осы жерде Джессика да өзін жайсыз сезініп, сол ауруханада босанды.

Сәл кейінірек отбасының алты және жеті жастағы қыздарында да галлюцинация басталады. Осыдан кейін ет сараптамаға жіберіліп, оның құрамынан есірткі заты табылады.

Қазіргі уақытта полиция аталған есірткінің жентектелген етте қайдан пайда болғанын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Walmart дүкені де тергеу амалдарына қол ұшын беріп, сөредегі барлық етті сараптамаға беріп отыр.