Сұралған респонденттердің әрбір екіншісі аудандық және ауданаралық соттарға сенімсіздікпен қарайды

АЛМАТЫ. 23 шілде. ҚазАқпарат - Сот жүйесіне сенімсіздік білдірген қала тұрғындары өз пікірін ең алдымен, олардың жұмысы туралы ақпараттың жеткіліксіздігімен түсіндіреді.

Бұл туралы бүгін Алматыда  «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры «Сот пен оның барлық деңгейлерінің қызметінің жариялылық деңгейін бағалау және халықтың көзқарасын анықтау» тақырыбымен  өткен зерттеу нәтижелерін жариялау кезінде айтылды.

«Қала тұрғындары арасындағы сауалнама қорытындыларына қарағанда сотпен тікелей қарым-қатынаста болмаған азаматтар арасында соттың іс-әрекеті жөнінде бір мағыналы емес пікір қалыптасқан. Респонденттердің 55 пайызының пікірінше,   Қазақстандағы сот жүйесінің жұмысына үш деген баға қоюға болады. Ал 24 пайызы олардың жұмысын жақсы және өте жақсы деп бағалайды.

«Қазақстандық соттар қаншалықты әділетті және тәуелсіз?» деген сұраққа байланысты да қарапайым халық арасында қарама-қарсы пікір тараған. Респонденттердің 45 пайызы  бұл көрсеткіш бойынша оң пікір білдірсе, ал 53 пайызы соттардың объективтілігіне күмәнмен қарайды», - дейді зерттеу сарапшысы Гүлнара Илеуова.

 Оның айтуынша, жай халықтың сот жүйесіне 10 пайызы толық сенеді, 44 пайызы сенуге жақын.  Өзінің сенімсіздігін респонденттер ең алдымен, олардың жұмысы туралы ақпараттың жеткіліксіздігімен және соттың барлығы тек билігі мен ақшасы барларды ғана қорғайды деген стереотиптік ұстаныммен түсіндіреді. Соттардың ішінде халықтың сеніміне Жоғарғы Сот ие - 74 пайыз. Облыстық және қалалық соттарға деген адамдардың сенімі әлдеқайда аз - 48 пайыз. Аудандық және ауданаралық соттарға  қала тұрғындары арасында әрбір екінші респондент сенбейді.  

Халықтың пікірінше, Қазақстандағы сот жүйесінің негізгі мәселелері - сарсаңға салушылық - 40%, соттардың билікке тәуелділігі - 35% және жемқорлық - 32%. Соттардың арасында жемқорлықтың көрсеткіші аудандық және ауданаралық соттарда жоғары. Жемқорлықтың себептері туралы айтқанда, респонденттер ең алдымен сот жұмыскерлерінің дүниеқорлығын (37%), адамдардың формалды емес түрде істі жабуға ұмтылуын (27%), жергілікті дәстүрді (25%) алға тартады. Сонымен қатар соттардағы жемқорлық туралы пікірде адамдар өзінің тәжірибесіне емес, БАҚ материалдарына сүйене отырып айтады (34%). Ақпараттың жетіспейтіндігі жөнінде сұралған тұрғындардың 48 пайызы айтты. Сот қызметі туралы ақпарат алудың негізгі көздері - телебағдарламалар(67%), газеттер (54%)  және таныстар, туыстар, әріптестер (36%).