Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру жұмысы қай шамаға келді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды. Ол гидрогеологиялық мониторинг міндеттерін толыққанды шешуге мүмкіндік береді. Kazinform тілшісі осы бастаманың жүзеге асырылу барысына шолу жасады.
— Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі (СРҰАЖ) — елдің су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу, талдау және басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа. Оның аясында суды тұтынуды есепке алу мен деректерді өңдеу процесін автоматтандыру, мемлекеттік және салалық ақпараттық жүйелермен ықпалдасу, сондай-ақ суды пайдаланушылардың цифрлық профильдерін құру жүзеге асырылады, — деп хабарлады ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Бүгінгі таңда жүйенің суды пайдаланудың негізгі қырлары мен су балансының маңызды аспектілерін қамтитын 10 модулінің 8-і әзірленіп болған. Онда суды пайдалануға рұқсат алатын және мемлекет алдында есеп беруге міндетті азаматтар мен ұйымдарға ыңғайлы жағдай жасау басты назарға алынған.
Сонымен қатар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және басқа да салаларда алдын ала жоспарлау жұмыстары кезінде «зияткерлік ресурсқа» айналатын үлкен деректер қоры қалыптастырылып жатыр.
Министрліктің атап өтуінше, жүйе жекелеген аймақтармен немесе су бассейндерімен шектелмейді. СРҰАЖ бүкіл елге арналған бірыңғай платформа ретінде құрылады, ал оның модульдері бірден Қазақстан көлемінде сынақтан өткізіліп жатыр. Мұндай тәсіл жүйені суды пайдаланудың әртүрлі сценарийлеріне бейімдеуге және барлық өңірлерде бірыңғай цифрлық стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді әрі цифрлық форматқа көшуге жол ашады.
Бүгінде платформа елдің алты бассейнін қамтып отыр: Шу-Талас, Тобыл-Торғай, Ертіс, Балқаш-Алакөл, Есіл және Жайық-Каспий бассейндері. Жыл соңына дейін қалған екі бассейн бойынша да деректер жүйеге енгізіледі. Осылайша платформа Қазақстан аумағының барлығында толыққанды жұмыс істейтін болады.
Платформа қалай жұмыс істейді?
СРҰАЖ Қазақстанның су ресурстары туралы барлық негізгі деректерді біріктіретін кешенді ақпараттық-талдамалық платформаға айналады. Жүйеге мынадай деректер енгізіледі:
— су нысандары, гидротехникалық құрылыстар және магистральдық каналдар туралы мәліметтер;
— барлық санаттағы суды пайдаланушылардың су алу және су бұру мониторингі мен есебі;
— климаттық және гидрологиялық көрсеткіштер (бақылау бекеттері мен метеостанциялар деректері);
— Жерді қашықтан зондтау мәліметтері, спутниктік суреттер және суару модельдері;
— ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, энергетикада және коммуналдық секторда су тұтыну туралы салалық деректер.
— Осылайша жүйе мемлекеттік органдар, су пайдаланушылар мен ғылыми қауымдастық үшін сенімді ақпарат көзіне айналып, су ресурстарын басқаруда кешенді тәсілді қолдануды қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллектіні пайдалану
Су тұтынуды болжау және ресурстарды тиімді басқару үшін Ерте болжам жасау жүйесі (ЕБЖЖ) енгізіледі. Ол климаттық, гидрологиялық және агротехникалық факторларды ескере отырып, салалар мен өңірлер бойынша су тұтыну көлемін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, СРҰАЖ-бен ықпалдастырылған салалық жасанды интеллект ассистентін (чат-бот) енгізу жоспарланып отыр. Ол пайдаланушыларға интерактивті режимде аналитикаға, ұсынымдарға және анықтамалық ақпараттарға есік ашады. Бұл алдын ала болжамның нақтылығын арттырады, ресурстарды ұтымды бөлуді және процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Іске қосу мерзімдері
СРҰАЖ-ды әзірлеу және пайдалануға беру жұмыстары 2026 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын егіс алқабының аумағы 86%-ға ұлғайғаны жайлы жазған едік.