***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қарағанды облысында аяқ астынан 20 жастағы студент Иван Макаров жоғалып кетті. Әзірге оның қайда екенін тірі жан білмейді. Бар болғаны ол үйден кетерінде тілдей хат қалдырыпты. Онда «ешкімге зиянымды тигізбей, осылай кеткенім дұрыс, барлық проблема шешілгеннен кейін өзім келем» деген мазмұндағы сөздер жазылған... Үйден кетерінде ол өзімен бірге ноутбук, телефон, Altel 4G жылжымалы интернетін ала кеткен...
«Бақсақ - бақа екен демекші», студенттің алды-артына қарамай, үйден неге безгені енді белгілі болды. Сөйтсе, Саран қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледждің студенті біраз уақыттан бері интернетте казино ойнайды екен. Алайда, үй-іші оның мұндай құмар ойынға басы байланғанын білмепті. Оқу озаты, тәртібі үлгілі, спортпен шұғылданатын одан мұндай «өнер» шығады деп әсте күтпесе керек.
Ағасы Михаилдың айтуынша, Иван интернет ойынханасында ірі көлемде ақшаға ұтылғанға ұқсайды. Ол ақшаны біреулерден қарызға алуы мүмкін немесе ойынды қарызға ойнаған. Бір белгілісі, бүгінде Иванды біреулер іздеп жүр және олар қолдарына түссе оны аяйын деп жүрген жоқ... Таяуда Михаил Саран қаласындағы ішкі істер бөліміне барып, полицияға інісінің жоғалуына байланысты арыз түсірді. Бұл туралы «Казинодан қашқан қашқын» атты материалда берілген.
Бас басылымда «Тың жобаның артықшылығы көп» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қызылжар өңірінде жолаушылар тасымалдайтын автобустар «Galileo» деп аталатын спутниктік бақылау құралдары арқылы жұмыс істей бастады. Тиімділігі зор тың жобаны астаналық «KazInterSoft» ЖШС орнатты.
Енді бұдан былай қоғамдық көліктердің қозғалысы нақты уақыт режімін қамтамасыз ететін диспетчерлік қызмет арқылы басқарылып, бақыланады. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов «BusReport» диспетчерлік жүйесінің жұмысымен танысып, аялдамалардың бірінде орнатылған «ақылды таблоны» тамашалады.
Серіктестік директорының орынбасары Серік Серғазы «Infobus. kz» сайтының ерекшелігін баяндап, 300 автобуста «Galileo» деп аталатын спутниктік бақылау құралдарының орнатылғанын мәлімдеді. Мұның өзі көлік инфрақұрылымын дамытуға, қозғалыс кестесінің қатаң сақталуына, жолаушылар тасымалын жеделдетуге бірден-бір сеп. Күн сайын желіге шығатын автобустардың саны жайлы нақты ақпарат ұсынылады. Қоғамдық көліктердің бағыт-бағдарын, жүру кестесін ғаламтор арқылы да бақылауға болады. Жобаның тағы бір ерекшелігі сол, «Infobus.kz» сайтының бағдарламасын ұялы телефонға да жүктей алатынында. Бүгінгі таңда 9 мың тұрғын бағдарламаның көмегіне жүгінген.
Облыстық автокөлік одағы қауымдастығының төрайымы Галина Семенова жолаушы тасымалдаушылар бұл жобаны бірауыздан қолдап, серіктестікпен келісімшартқа отырғанын жеткізді.
Ерік Хамзаұлы Спорт сарайы аялдамасында орнатылған электронды таблоның жұмысымен танысты. Петропавл қаласында мұндай қондырғылардың саны әзірге үшеу. Жарықдиодты экран арқылы автобустың қозғалыс кестесі мен қанша уақыттан кейін келетінін, ауаның температурасын да білуге болады.
***
«Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы «НурАвиценум» медицина орталығында республика бойынша алғашқылардың бірі болып қант диабеті орталығы ашылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Сусамырға шалдыққандар сабылмайды» атты мақалада. Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары - «100 нақты қадамның» 81-қадамында көрсетілген «жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізуді» іске асыру мақсатында жүзеге асырылған қадам тұрғындардың көңілінен шықты. Сонымен бірге бұған биыл елімізде орындала бастаған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының да өзіндік септігі тигені анық. Сусамырға шалдыққан науқастар орталық арқылы тегін емделіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа емдеу орнының ашылуына арналған салтанатқа арнайы келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев:
- Елбасымыз қазіргі жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан еліміздің дамуын тоқтатпай, мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясында көзделген межелерге жету жолында барлық қажетті жағдайды жасауда. Мемлекетіміздің басты байлығы - халқымыздың денсаулығына көңіл бөлінуде. Орталықтың ашылуы - мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті нығайту туралы тапсырманы орындаудың жарқын көрінісі және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті мен Алматы облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның жемісі.
Осы басылымда «Араб инвесторлары Бәйдібекті гүлдендірмек» атты мақала жарияланды. Біріккен Араб Әмірлігінен келген кәсіпкер Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан Бәйдібек ауданы Шаян елді мекенін көркейту жұмысына 1 млн 700 мың доллар инвестиция салмақ. Халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруды ниет еткен шетел кәсіпкері жергілікті әкімдікпен келісімге келді.
Бәйдібекке жасаған сапарында аудан әкімі Б.Көшербай мен Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан Шаян ауылындағы спорт және мәдени демалыс нысандарының құрылысымен танысып, меморандум негізінде бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Қос тараптың келісімі аясында аудандағы орталық саябақ пен орталық стадионды қайта құру, волейбол, баскетбол, гимнастика және шағын футболға арналған ойын алаңдарын орнату және жабық бассейн құрылысы жобаларын іске асыру көзделуде.
Араб инвесторы қаржыландырған Ақбастау ауылдық округіндегі құс өсіру орталығына бүгінгі күнге дейін 3 млрд 500 млн теңге шетел инвестициясы тартылып, онда қазіргі таңда 120 адам жұмыспен қамтылған. 2016-2017 жылдары жобаның үшінші фазасы жүзеге асырылып, тағы да 7 млрд теңге шетел инвестициясын тарту жоспарлануда. Аудан әкімдігі мен құс өсіру орталығының басшылығы арасында жасалған келісім бойынша жобаны жүзеге асыру нәтижесінде, жаңадан ашылатын 400-ге жуық жұмыс орындарының 80 пайызына аудан тұрғындары орналасатын болады. Сонымен қатар қосымша кіріс көздерін қалыптастыру үшін аталған құс орталығы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуші ретінде тіркелді.
***
Танымал «Доширак» брендімен Оңтүстік Қазақстан облысында кеспе өнімдері шығарылады, деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Шымкентский рецепт «быстрой» лапши» атты материалында. Кәсіпорынды құру туралы мәміле ОҚО әкімі Б. Атамқұлов пен Ресейдегі «Доширак Коя» корейлік компаниясының бас директоры К. Енчелдің кездесуі барысында келісілді.