Су шаруашылығына қажетті 757 техника 39 млрд теңгеге сатып алынады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл су шаруашылығына қажетті 757 техника 39 млрд теңгеге сатып алынады. Бұл туралы Ақордада Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
— Су шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса көңіл бөліп отырмыз. Биыл 39 млрд теңгеге 757 техника сатып алынады. Оның 400-ден астамы республика бойынша «Қазсушар» мекемесіне берілді. Әрине, біз Қазақстанның оңтүстігіне көбірек техника бөліп жатырмыз. Себебі, ауыл шаруашылығында судың 97 пайызы оңтүстік өңірлерге беріледі, — деді министр су шаруашылығы қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бергі 1,5 жылдың ішінде шешілген мәселелерге тоқталды.
— Біріншіден, су шаруашылығы саласы жақсы мамандар келуі үшін айлықтарын көтердік. 2024 жылдың мамырында «Қазсушар» мекемесі қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға, биыл 1 шілдеден орташа есеппен 50 пайызға көтерілді. Бұл мекемедегі орташа айлық бүгінде 300 мың теңгеден асады. Екіншіден мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге баса назар аудардық. Өткен жылы «Қазсушар» мекемесінің 500 қызметкері арнайы курстан өтті. Оған бюджеттен қаржы бөлінді. Биыл 1 мың адамды арнайы курстан өткізбекпіз. Мұнан бөлек, шет мемлекеттерге мамандарымызды жіберу тәжірибесін бастадық. Атап айтқанда, Қытайда биыл 120 адам 2 апталық курстан өтеді. Біздің тараптан еш шығын жоқ, бәрін Қытай тарабы көтереді. Бір адамға орташа есеппен 7 мың доллар көлемінде. Бүгінде 60 маманымыз оқудан өтті. Қосымша 60 маман жыл соңына дейін өтеді. Бұл жылда өтетін іс-шара болсын деп қытайлық әріптестермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар 5 маманымыз 1 ай бойы АҚШ-та білім алды. Мамандарымыз Оңтүстік Корея, Жапонияда білімдерін жетілдірді, — деді Нұржан Нұржігітов.
Министр суды дұрыс бөлу жұмыстары да өз нәтижесін бергенін айтады.
— Осы жұмыстардың арқасында биыл Балқаш көлінің деңгейі 12 см-ге көтерілді. 2 жыл қатарынан Қапшағай су қоймасын 100 пайыз толтырды, — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.