Маммография неге барлық ісікті анықтай бермейді?
Әйел маммографиядан өтті. Тексеру нәтижесінде күмәнді өзгеріс анықталмады. Алайда бірнеше айдан кейін оған сүт безі обыры диагнозы қойылды. Бұл қалай болуы мүмкін?
Жоғары санатты радиолог-маммолог Динара Тұржанованың айтуынша, маммография қатерлі ісікті ерте анықтауға көмектескенімен, барлық ісікті бірдей көрсете бермейді.
– Кейбір ісіктер екі скринингтің арасында пайда болып, жылдам өсуі мүмкін. Тығыз сүт безі тінінде ісік маммографияда байқалмай қалуы ықтимал. Кейбір ісіктердің орналасуы немесе бейнелеу ерекшеліктері оларды анықтауды қиындатады, – дейді дәрігер.
Дәрігерлер екі жоспарлы скринингтің арасында анықталған қатерлі ісікті «аралық обыр» деп атайды. Мұндай ісік алдыңғы тексеруден кейін пайда болуы немесе сол кезде байқалмай қалуы мүмкін.
Ал маммография нәтижесі қалыпты болғанымен, әйел сүт безінде түйін байқаса, не істеуі керек?
– Әйелдің шағымы мен тексеру нәтижелері бір-біріне сәйкес келмесе, зерттеуді тек алғашқы қалыпты нәтижеге сүйеніп тоқтатуға болмайды. Клиникалық күдік сақталса, қосымша бағалау қажет, – дейді Динара Тұржанова.
Мұндай жағдайда дәрігер қосымша зерттеу тағайындауы мүмкін. Өйткені маммография мен УДЗ-ның мүмкіндіктері әртүрлі.
Ал түйін ауырмаса, алаңдаудың қажеті жоқ па?
– Түйіннің ауырмауы оның қауіпсіз екенін білдірмейді. Сүт безі обырының ерте кезеңінде ауырсыну мүлде болмауы мүмкін. Сондықтан жаңадан пайда болған түйінді өздігінен сипап бағалау немесе ауырсынудың бар-жоғына қарап қорытынды жасау дұрыс емес, – дейді маман.
Дегенмен сүт безіндегі түйіннің бәрі қатерлі ісік емес. Ол киста, фиброаденома немесе қабыну салдарынан да пайда болуы мүмкін.
Сүт безінің пішіні өзгерсе, терісі ішке тартылса немесе «апельсин қабығына» ұқсаса, дәрігерге қаралған жөн. Емізіктен қан аралас бөлінді шығуы мен қолтық астында түйін пайда болуы да назар аударуды қажет етеді.
Скрининг арқылы қанша қатерлі ісік анықталған?
Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтауға арналған тегін скрининг бағдарламасы 2008 жылдан бері жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2008–2025 жылдары осы бағдарлама арқылы сүт безі обырының 19 018 жағдайы анықталған. Оның 8 139-ы I сатыда, 9 047-сі II сатыда тіркелген.
Яғни скрининг кезінде анықталған жағдайлардың 17 186-сы, шамамен 90 пайызы, аурудың алғашқы екі сатысына тиесілі.
Министрлік ұсынған тағы бір дерекке сүйенсек, скрининг барысында III–IV сатыларда анықталған жағдайлар саны 2011 жылғы 66-дан 2025 жылы 16-ға дейін азайған.
Алайда бұл көрсеткіштер тек жоспарлы тексеру кезінде анықталған науқастарға қатысты. Сүт безіндегі өзгерістерге байланысты дәрігерге өздері жүгінген әйелдер бұл есепке кірмейді.
Сондықтан осы мәліметтерге қарап, Қазақстандағы барлық науқастың қаншасында ауру ерте анықталатынын нақты айту мүмкін емес.
Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында скрининг арқылы сүт безі обырының 1 238 жағдайы анықталған.
Диагноз неге кеш қойылады?
Сүт безі обырының кеш анықталуын тек әйелдердің дәрігерге уақытында қаралмауымен түсіндіру дұрыс емес. Кейде алғашқы тексеруден кейін де нақты диагноз қоюға уақыт кетеді.
Онколог-маммолог, реконструктивті-пластикалық хирург Әсем Тоғызбаеваның айтуынша, кей әйелдер сүт безіндегі өзгерістерге мән бермейді. Басқалары қатерлі ісік анықталып қала ма деп қорқып, дәрігерге баруды кейінге қалдырады. Ал шалғай елді мекендерде тұратындар үшін қажетті маманға қаралу қиын болуы мүмкін.
Мәселе мұнымен шектелмейді. Дәрігерге қаралғаннан кейін де қосымша зерттеулер қажет болуы ықтимал.
– Кей жағдайда сүт безіндегі күмәнді өзгерістің себебін анықтау үшін қосымша УДЗ, маммография немесе биопсия қажет болады. Ал әйелдің мамандандырылған орталыққа жолдама алуы, қайта тексерілуі немесе қажетті зерттеу нәтижесін күтуі уақыт алуы мүмкін. Мұндай кідірістер диагноздың кеш қойылуына әсер етеді, – деп түсіндірді маман.
Мәселен, УДЗ кезінде сүт безінде күмәнді түйін анықталды делік. Оның қатерлі немесе қатерсіз екенін нақтылау үшін дәрігер биопсия тағайындауы мүмкін.
Биопсия кезінде түйіннен тін үлгісі алынып, зертханада тексеріледі. Бұл қатерлі ісіктің бар-жоғын анықтауға көмектеседі.
Әсем Тоғызбаеваның айтуынша, кей әйелдер биопсиядан қорқып, зерттеуді кейінге қалдырады.
Осылайша, диагноздың кеш қойылуына дәрігерге баруды созу ғана емес, қажетті зерттеулерге қол жеткізудегі қиындықтар да әсер етуі мүмкін.
Алайда Қазақстанда осы себептердің әрқайсысы қаншалықты жиі кездесетіні туралы толық статистика ұсынылмаған.
Диагнозды нақтылауға қанша уақыт беріледі?
Қазақстанда онкологиялық ауруға күдік туған жағдайда жүргізілетін зерттеулердің мерзімі белгіленген.
Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған онкологиялық көмектің жаңартылған стандартына сәйкес, алғашқы зертханалық талдаулар, УДЗ және рентгенологиялық тексерулер 7 жұмыс күніне дейін жүргізілуі тиіс.
Компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, биопсия мен эндоскопиялық зерттеулерге 10 жұмыс күніне дейін уақыт қарастырылған.
Ал ПЭТ/КТ, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулерге 20 жұмыс күніне дейін мерзім белгіленген.
Диагноз расталғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде мамандар консилиумы өткізіліп, емдеу жоспары бекітілуі тиіс.
Бірақ бұл мерзімдер алғашқы қабылдаудан бастап диагноз қойылғанға дейінгі жалпы уақытты білдірмейді. Бір зерттеудің нәтижесіне қарай қосымша тексеру қажет болуы мүмкін.
40 жасқа толмаған әйелдер қалай тексеріледі?
Қазақстанда 40–76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет, тиісті жұп жасқа толған жылы тегін маммографиялық скринингтен өте алады.
Ал 40 жасқа толмаған әйел сүт безінде түйін байқаса, не істеуі керек? Ол жоспарлы скрининг жасын күтуі тиіс пе?
Динара Тұржанова мұндай жағдайда жоспарлы скрининг пен диагностикалық тексерудің айырмасын түсіндірді.
– Скрининг – ешқандай шағымы жоқ адамдарға ауруды ерте анықтау мақсатында жүргізілетін жоспарлы тексеру. Ал диагностикалық тексеру – сүт безінде түйін, бөлінді немесе басқа күмәнді белгі пайда болған кезде жүргізіледі. Сондықтан 40 жасқа толмаған әйелде шағым болса, скрининг жасын күтудің қажеті жоқ, – дейді маман.
Жас әйелдерге көбіне алдымен УДЗ жасалады. Қажет жағдайда маммография немесе басқа зерттеулер тағайындалуы мүмкін.
Дәрігер тексеру әдісін таңдағанда әйелдің жасын, шағымдарын, сүт безінің ерекшеліктері мен жеке қауіп факторларын ескереді.
– Соның бірі – тұқым қуалаушылық. Мысалы, BRCA1 және BRCA2 гендеріндегі кейбір өзгерістер сүт безі обырының даму қаупін арттырады. Әсіресе жақын туыстары бұл ауруға жас кезінде шалдыққан әйелдерге жеке тексерілу жоспары қажет болуы мүмкін, – дейді маман.
Дегенмен отбасында сүт безі обырымен ауырған адам болмаса, ауру қаупі жоқ деген сөз емес. Сол сияқты туыстарының бірі осы дертке шалдыққан әр әйелде міндетті түрде генетикалық өзгеріс болады деп айтуға болмайды.
Сүт безі обырын толық емдеуге бола ма?
Сүт безі обыры ерте анықталса, толық емделу мүмкіндігі жоғары. Алайда емнің нәтижесі аурудың сатысы мен ісіктің ерекшеліктеріне де байланысты.
Динара Тұржанованың айтуынша, кей жағдайда сүт безін толық алып тастамай, ісікті ғана алып тастауға болады. Ал басқа науқастарға операциямен қатар дәрілік немесе сәулелік ем қажет болуы мүмкін.
– Сүт безі обыры – үмітсіз диагноз емес. Ерте анықтау мен ісіктің түріне сәйкес дұрыс таңдалған ем науқастың ұзақ мерзімді нәтижесін айтарлықтай жақсарта алады, – дейді маман.
Дәрігерлер сүт безінде күмәнді өзгеріс пайда болса, оны елеусіз қалдырмай, уақытында тексерілуге кеңес береді. Ал шағымы жоқ әйелдер үшін жоспарлы скринингтен белгіленген мерзімде өту маңызды.