«Бұл мақсатта әкімдіктер үшін ет бағытындағы құс фабрикаларын және тауарлық сүт фермаларын құру мен кеңейту бойынша индикативтер жеткізілді. Мәселен, биыл сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру міндетіне сәйкес, қуаты 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қаржы бағытталды», - деді министр бүгінгі Үкімет отырысында.
Бірінші жартыжылдықта қуаты 67,2 мың тонна сүт болатын 16 жоба пайдалануға берілді. Осылайша, жылдық жоспар 24,6%-ға орындалған.
Аталған жобаларды іске асырудың ажырамас бөлігі – жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алу. Тауарлық сүт фермаларын салу аясында биыл 30 мың бас ірі қара малдың аналық басын импорттау жоспарланған. Бүгінгі таңда сегіз аймақ 7,4 мың бас әкелді немесе жоспарланған көлемнің 24,6%-ы орындалды.
«Ет бағытындағы құс фабрикаларын құру мен кеңейту бойынша биыл 72 мың тоннаға жуық құс етін шығаратын 10 жоба жоспарланған, оның ішінде Алматы және Қызылорда облыстарында екі жоба іске қосылды немесе бұл жоспардың 20%-ы», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.