Сүт тұтынудан дамыған мемлекеттердің үштігіне еніп отырмыз - Иван Сауэр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өзін табиғи сүтпен қамтамасыз ете алады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТҰ төрағасы Иван Сауэр айтты.

«Өкініштісі, сүт өнімдері импортының үлесі өткен жылы 2012 жылмен салыстырғанда өскен. Егер өнім өндірісі статистикасына көз жүгіртер болсақ, онда бәрі де дұрыс екендігіне көз жеткізуге болады. Біз 5,5 млн. тонна сүтті өзімізде өндіреміз. Сондықтан да жан басына сүт тұтынудан дамыған мемлекеттердің үштігіне еніп отырмыз. Бірақ, бұл мөлшердің тек төрттен бірінен сәл астам ғана өнім өңделеді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі шағын тауар өндірушілер, тіпті орта деңгейдегі тауар өндірушілер де өнімде қайта өңдеу процессінен ажырап қалған. Ал еліміздің компаниялары, сондай-ақ батыстың ірі компаниялары Қазақстан нарығына сүт өнімдерін шығаруға арналған шикізатты, яғни құрғақ майсыз сүтті көптеп жеткізуде. Осы құрғақ сүт елімізде қайта өңделіп, тұтынушыларға ұсынылып келеді. «Ал еліміздің ішінде өндірілетін барлық табиғи сүтті жинап қайта өңдеуге қол жеткізер болсақ, онда біз өзімізді сүтпен толық қамтамасыз ете алар едік. Қазіргі таңда ресми статистикаға сәйкес, 70 пайызға дейін сүтті тасымалдап отырмыз. Бұл мүлдем дұрыс емес», - деді И.Сауэр.