«Сүт және сүт өнімдері қауіпсіздігінің талаптары» жөніндегі Техникалық регламентке өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасы мақұлданды

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін, Үкіметтің жабық отырысында «Сүт және сүт өнімдері қауіпсіздігінің талаптары» жөніндегі Техникалық регламентке өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасы қаралып,

мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл жоба тұтынушылар мен отандық тауар өндірушілерді сырттан келетін сапасыз әрі жасанды өнімдерден қорғау мақсатында дайындалып отыр. Жобаны дайындау кезінде Еуроодақ елдері, Ресей Федерациясы және т. б. мемлекеттердің тәжірибелері ескерілген. Соның нәтижесінде, сүт және сүт өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жобадағы терминологиялық сөздікке мынадай мағына беретін: қалпына келтірілген сүт, шикі сүт, сүт өнімі, сүт өнімі емес қоспалар және т.б сөздер енгізілді. Сондай-ақ сүт және сүт өнімдерін дайындау кезінде туындайтын қатерлі және қауіпті факторлар анықталып, өнімді таңбалау талаптары күшейтіліп, әрі бұған теңдестіру бөлімі қосылды. Бүгінде азық-түлік нарығындағы адам ағзасына қажетті табиғи және пайдалы тағамдар мен бірге ішкі нарықта (жасанды, құрамында табиғи емес компоненттері бар) техникалық реттеу заң талаптарына және тағам қауіпсіздігіне кері әсер беретін сапасы күмәнді тауарлар да кездеседі. Сүт және сүт өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Техникалық регламент сүт және сүт өнімдері, оның ішінде теңестіру көрсеткіші мен атауының сәйкестігін анықтайтын «Сүт және сүт өнімдерін теңдестіру» туралы жаңа бөліммен толықтырылды. Егер сүт және сүт өнімдері белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін болса, онда өнім кері қайтарылады. Жалпы, Техникалық регламенттің қазіргі нұсқасында өнім туралы нақты ақпарат, оның құрамы, сапасы мен сипатын көрсету жөнінде талап бар, ал қайта қаралған жобада тұтынушы сатып алғысы келген сүт немесе сүт өнімдеріне қажетті ақпараттың нақты әрі анық жазылуы туралы талап қайта күшейтілді. Бұл қаулы ресми түрде баспасөз беттеріне жарияланғаннан күннен бастап екі ай өткенде күшіне енеді.