Сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасы шикі дайындалған – Еділ Жаңбыршин
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасын сынға алды.
- Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Біріншіден, тұжырымдама шикі дайындалған, индикаторларын орындау мүмкін емес. Себебі 2026 жылы кейбір жобаларды пилоттық режимде бастау жоспарланған, бірақ, экономика, өндіріс не министрлік дайын емес. Сутегіні өндіру жаңа технологияны қажет етеді, ол бізде шықпайды. Екіншіден, жасыл сутегі болғандықтан жасыл энергияны қолдануымыз керек. Үшіншіден, біз өндіргеннің өзінде оны қайда пайдаланамыз? Кім тұтынады? Көлік десек, сутегімен жүретін көлік жоқ, ал өндірісте қолданамыз десек, арнайы инфрақұрылым жоқ. Себебі сутегі өте қауіпті газ, - деді Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, әзірге сутекті энергетиканы дамыту қағаз, жоба жүзінде қалып отыр.
- Ғылыми зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ ол пилоттық режимде. Қуаты, көлемі төмен, ауқымды жобалар әлі іске асқан жоқ. Маңғыстау облысында Hyrasia One компаниясы жобаны қолға алды. Бірақ, көптеген мәселе бар, оның ішінде экология, экспорт, логистика тағы сол сияқты шешілмеген сұрақтар бар. Біздің пайымдауымызша, біріншіден, мемлекетте бір саясат, бірізділік болу керек. Бұнымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысуы қажет деп санаймыз. Екіншіден, ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытқан жөн. Үшіншіден, маман даярлауды қолға алуымыз керек, ол үшін стандарт, оқу бағдарламасын әзірлеу тиіс, - деп толықтырды халық қалаулысы.
Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде «Қазақстан Республикасының сутегі энергетикасын дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Еске салайық, былтыр елімізде сутегі энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.