Сүйікті ісім кәсібіме айналды – ағаштан түрлі бұйым жасайтын қолөнерші
- Бойыңыздағы қолөнерге деген қабілетті ең алғаш қашан байқадыңыз?
- 1977 жылы Ақсуат ауданында дүниеге келдім. Жантікей ауылындағы орта мектепте білім алдық. Мектеп қабырғасында жүргенде еңбекке баулу сабағын жақсы көретінмін. Ағашты кесіп, әр түрлі зат жасау қызық болатын. 2005 жылы Катонқарағай ауданына көшіп келдім. Сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін аудан орталығында тұрып келемін.
Алғашында қолөнер тек әуестігім еді. «Бәйтерек» монументін жасап, достарыма, туған-туыс пен таныстарға сыйлық ретінде беріп жүретінмін. Бір жерге қонаққа барғанда, туған күнде не сыйлаймын деп бас қатырмайсың. Өз қолыңмен жасаған дүние болған соң ерекше бағаланады ғой. Ал сүйікті ісім кәсібіме айналады деп ойламаппын.
- Қашаннан бастап қолөнерге түбегейлі ден қойдыңыз?
- 2013 жылдан бері. Әуелде түрлі кәдесый жасап сата бастадым. Жылқы, марал бейнеленіп, «Катонқарағай», «Берел» деп жазылған кәдесыйлар туристерге жақсы сатылды. Жылқы – төрт түліктің төресі, қазақ халқының көнеден пір тұтқан киелі жануары ғой. Ал марал бұл Катонқарағайдың бренді іспеттес. Мұнда келген жандар пантымен емделгенді құп көреді. Екінші Швейцария атанып кеткен осынау өлкеге табан тірейтін туристердің бірінші сұрайтыны осы – панты.
Уақыт өте келе жасайтын бұйымдарымыз да көбейді. Астау, тостаған жасауға көштік. Сандық, төсек, үстел, орындық, маралдың бейнесі қашалып салынған шкаф, әр түрлі жазуы бар стэнд те біздің қолымыздан шығып жатыр. Әр өнімнің дизайнын ерекшелеуге тырысамын. Бағалары да қолжетімді. Бұйымдарды көбінесе балқарағайдан жасаймын.
- Өнімдеріңізді қалай саудалайсыз?
- Катонқарағай ауылында үйімнің тура қасында ашқан кішігірім дүкенім бар. 2020 жылы шеберханам да ашылды. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры арқылы былтыр күзде кәсібімді дамытуға 2 млн теңге алдым. Қазір ісім ойдағыдай өрбіп келеді деуге болады. Алайда шеберханам тарлық етуде. Оның жалпы ауданы – 40 шаршы метр. Іште жұмыс істеген кезде тек екі адам сыямыз. Тапсырыс көбейіп кеткенде қиындау.
Содан кейін әлеуметтік желі арқылы саудалаймын. Инстаграм желісінде парақша ашып, тауарларымның суреттерін жария етіп тұрамын. Берел қорғандарына баратын туристер де менің кәдесыйларымды сатып ала алады.
- Оқушыларды қолөнерге баулып, шәкірт тәрбиелеп жатқаныңызды естідік. Сол жайлы айтып өтсеңіз...
- Тек оқушылар ғана емес, үйренгісі келген кез келген адамға есігім ашық. Бүгінде 8 адамға үйретіп жатырмын. Еш ақысыз. Олардың арасында ересектер де бар. Жаңа айтқанымдай, шеберханамның тарлығы қолбайлау болып тұр. Соның салдарынан келгендердің барлығы ішке сыймайды. Уақыттарын келісіп, жеке-жеке үйретуге тура келеді. Шүкір, қолынан іс келетін, ағаштан бұйым жасауға икемі бар балалар мен жігіттердің қызығушылығы зор. Тапсырыс көбейгенде оларды жұмысқа да тартамын. Ал жұмыс істеп, тұрақты еңбекақы алатын тек бір қызметкерім бар.
Таяуда Катонқарағайда халықаралық айтыс болды. Сол кезде барлық безендіру жұмыстары біздің мойнымызға түсті. Бұл үлкен жауапкершілік қой. Абыроймен алып шыққан секілдіміз. Шынын айтқанда, құр кәдесый жасаудан аз ақша түседі. Сондықтан осындай шаруаларды да қолға алып жүрміз.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Алдағы қыркүйек айында шеберханамды үлкейтуді көздеп отырмын. Ол үшін шамамен 3-4 млн теңге керек. Аумағы 180 шаршы метрдей болса деймін. Содан кейін өнімдеріме деген сұранысты көбейткім келеді. Жалпы айта берсең жоспар көп қой. Бірақ бәрін жария ете бермей, елге нәтижесін көрсеткенді жөн санаймын.
- Кез келген адам қолөнерші бола ала ма, әлде ол үшін туабітті қабілет керек пе?
- Мысалы, хирург болу үшін адам талай жыл білім алады, жұмыс істеп тәжірибе жинақтайды. Ал сынықшы болса ешқандай дипломсыз-ақ сүйекті орнына салып береді. Бұл да тура сол секілді. Кейбіреулер маңдай терін төгіп, күндіз-түні еңбектеніп қолөнерге икемденсе, енді бірі туабітті қабілетімен оп-оңай іліп әкетеді. Ондай адамға бағыт беріп, жол нұсқасаң болды. Әр айтқаныңды қағып алып, білек сыбана іске кіріседі.
- Әңгімеңізге көп рахмет!