Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Екібастұз қаласының ІІБ-ге 24 жастағы жігіттің алдау жолы арқылы несие ресімдеуге көндіргені және сенімге кіріп, мүлкін (ақшалай қаражат, ұялы телефон) ұрлағаны туралы бойжеткен келіп шағымданған.
«Алданған қыздардың біреуі 2017 жылғы желтоқсанның соңында әлеуметтік желіде танысып, хат алысқан. Қыздың мекенжайын біліп алғаннан кейін қаскөй үйіне қонаққа келіп, шай үстінде анасымен болған жалған қайғылы оқиға жайлы айтып берген. Бұдан кейін қолайлы сәтті пайдаланып, ақшасын, құнды заттарын ұрлап, қашып кеткен», - деді баспасөз қызметінде.
Кезекті сұлумен алаяқ дәл солай әлеуметтік желі арқылы танысқан. Бұдан соң қаскөй оған тұрмысқа шық деп ұсыныс білдірген, кейін алдап, үйлену тойларына несие ресімдеуге көндірген.
Ақшасын алғаннан кейін табанын жалтыратқан. Несие құны - 200 мың теңге.
Егер сізге күдіктінің тұрғылықты жері белгілі болса немесе оның іс-әрекетінен біреу жапа шексе, Екібастұз қаласы ІІБ кезекші бөлімінің 102, 8 (7187) 75-06-06 телефондарына қоңырау шалыңыз немесе 77077004056 whatsapp нөміріне хабарлама жазыңыз.