Сұйытылған мұнай газын сақтауға арналған сыйымдылықтарды жер үстінде орналастыруға тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады.

Фото: Aramco

Құжат бойынша баяндама жасаған Вера Кимнің айтуынша, заң жобасы Мәжіліс депутаттары тарапынан бастамашылық етілген және биыл 11 ақпанда бірінші оқылымда осы заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасының негізгі нормалары:

- газды үнемді тұтынуды ынталандыруға;

- есепке алудың цифрландырылуы мен ашықтығын қамтамасыз етуге;

- газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеуге;

- баға қалыптастыру тәсілдерін жетілдіруге;

сондай-ақ бюджеттік газдандыру жобаларын іске асыру барысында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың бақылауын күшейтуге бағытталған.

Заң жобасы мынадай мәселелерді де реттейді:

- екі және одан да көп газ тарату ұйымдарының тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы бір мезгілде тасымалдауына тыйым салу;

- газ тарату ұйымы үшін магистральдық газ құбырына тікелей қосылуға қойылатын талаптарды белгілеу;

- газ тарату ұйымдары болып саналмайтын тұлғаларға газ тарату жүйесінің жекелеген объектілерін салу мүмкіндігін беру, сондай-ақ газ тарату объектілерінің құрылысына байланысты шығындарды өтеу шартымен газ тарату ұйымдарының оларды иеліктен шығаруы.

Заң жобасы бойынша екінші оқылымға жұмыс барысында депутаттар:

- тиісті аумақтағы автогаз құю станцияларының шекті санын ескере отырып, автогаз құю станцияларын салу үшін жер учаскелерін беруге және олардың нысаналы мақсатын өзгертуге;

- бекітілген тұтыну нормаларынан асатын көлемдерде тауарлық газды бөлшек саудада өткізу бағасын айқындау тетігін енгізуге;

- көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау үшін сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағаларын мемлекеттік реттеуді енгізуге;

- электр энергиясын беру жөніндегі энергия беруші ұйымдардың қызметін реттеуге;

- энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық келісімдерді орындауын бақылау тетігін белгілеуге, сондай-ақ оларды орындамағаны үшін ықпал ету шараларын енгізуге;

- әлеуметтік бағыттарды алып тастауды ескере отырып, тұтынушыларды тауарлық газдың ірі коммерциялық тұтынушылары санатына жатқызу өлшемшарттарын нақтылауға;

- сұйытылған мұнай газын сақтауға арналған сыйымдылықтары жер үстінде орналастырылатын автогаз құю станцияларын салуға, орналастыруға және пайдалануға тыйым енгізуге;

- уәкілетті органның ақпарат ұсыну міндетін бекіту мен мониторинг жүргізуін қоса алғанда, газ және газбен жабдықтау саласындағы отандық өндірушілерді және кадрлық әлеуетті қолдауға;

- пайдаланылмаған фракцияларды өндірушілерге қайтару арқылы сұйытылған мұнай газын бөлу тетігін жетілдіруге, мұнай-газ химиясы бойынша инвестициялық жобаларды іске асырушылар үшін арнаулы құқықтық режим енгізуге қатысты түзетулер енгізді.

- Мемлекет басшысы деректерді өңдеу орталықтары алқабын құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына энергия өндіруші ұйымдардың қосалқы жабдықтарына қатысты инвестициялық келісімдер жасасу мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізуді ұсынды. Аталған нормаларды іске асыру энергия өндіруші ұйымдардың жұмыс сенімділігін арттыруды және цифрлық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етеді, - деді Вера Ким.

Палат заң жобасын қабылдап, Сенат қарауына жіберуге шешім қабылдады.

Айта кетейік, бүгінде елде шамамен 13 млн адам табиғи газға қол жеткізген.