Светлана Подобедова бапкерлікке ауыспақшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова бапкерлік қызметпен айналысуды қалайды. Оның айтуынша, Қазақстанның ауыр атлеттері әлі талай белестерді бағындырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бәрі жақсы. Бұған дейінгі қиындықтардың барлығы артта қалды. Оны да аман-есен еңсереміз деп ойлаймын. Менің ұлттық құрамамен қарым-қатынасым жақсы. Алдағы уақытта жұмысқа шығуды жоспарлап отырмын. Әзірше, декретте жүрмін. Ұлым әлі жеті айлық. Бір жарым жасқа келгенде бапкерлікпен айналысамын деген жоспар бар», - деді С.Подобедова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ұлттық құраманың қазіргі дайындығы жақсы. Жас спортшылар көп. Олардың бәрі Токио Олимпиадасына дейін бабына келуі тиіс. «Меніңше, екі жылдан кейін олар бабына келіп, нағыз «өзіміздің чемпиондар» болады (күлді). Бұны бәрі қалайды ғой. Өзіміздің чемпиондарымыз өз жерімізде туған спортшылар болса екен деп тілейді. Бәрі жақсы болады», - деп атап көрсетті С.Подобедова.

Айта кетейік, Светлана Подобедова Ресей Федерациясында дүниеге келген. Сол жерде спорттың мансабын бастап, екі дүркін Еуропа чемпионы, одан кейін жастар арасында Әлем чемпионы атанған болатын. Алайда допинг сынамасы үшін дисквалификацияға ұшырады. Осыдан кейін С.Подобедова Қазақстан құрамасына ауысты. Бірақ Ресейдің ауыр атлетика федерациясы қарсылық білдірді. Соның салдарынан спортшы Бейжің Олимпиадасына қатыса алмады. Ал Қазақстан құрамасы сапында ресми түрде өнер көрсетуге рұқсат алғаннан кейін С.Подобедова екі жыл қатарынан Әлем чемпионы болды.

2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, алтын медальді жеңіп алды. Төрт жылдан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті оны барлық жарыстардан шеттетіп тастады. Себебі Лондон Олимпиадасы кезіндегі допинг сынамадан станозолол деген стероидті препарат табылды. Осыдан кейін С.Подобедова Рио Олимпиадасына бара алмады. Тергеуден кейін ХОК оны алтын медальді қайтаруға міндеттеді. Алайда қазақстандық спортшы жүлдені қайтармайтынын мәлімдеді. «Мен медальді қайтармаймын. Ол үшін талай тер төктім, жаттығу залынан шықпай, еңбек еттім. Ал жеңіс тұғырына көтерілгенде менімен бірге бүкіл Қазақстан халқы қуанды. Сол себепті бұл - менің ғана емес, барша халқымның медалі. Оны не үшін қайтарамыз? Барлық спортшыларды Олимпиадаға дейін де, кейін де тексерді. Сосын төрт жылдан кейін келіп, бізге допинг табылды деп отыр. Ол уақыттың ішінде не болғанын ешкім білмейді», - деді С.Подобедова.