«Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру, ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамытуға арналған мемлекеттік жоба аясында 2011 жылғы ақпан айында басталған болатын. Бұл бағдарлама бойынша қаржы, аналық бас ІҚМ мен етті тұқымды мал төлін алу үшін қажетті асыл тұқымды өндіруші-бұқаларды сатып алуға және негізгі құралдарды жөндеуге, айналым қаражатын толықтыруға беріледі.
Корпорацияның «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырудағы мақсаты шағын және орта бизнесті еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытуға жұмылдыру, етті бағыттағы мал басының үлесін арттыру, ІҚМ өсіру нарығында бәсекелік пен инфрақұрылымды қалыптастыру болып табылады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелер: сыйақы мөлшері жылдық 6 %, аналық ІҚМ басын сатып алу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге, өндіруші-бұқалар мен шаруашылықтың айналым қаражатын толтыру үшін несие - 2 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Аталған бағдарлама 2011-ші жылдан 2015-ші жылдарға дейінгі мерзімге есептелген және ең алдымен, фермерлерді жеңілдік несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі күні бағдарлама Ақмола, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.
Корпорация 2012 жылдан бастап, «Сыбаға» бағдарламасын еліміздегі несие серіктестіктері арқылы несиелеуді жүзеге асыра бастады. Ал биылғы жыл басынан бері Корпорация 514 ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 26 мыңнан аса ІҚМ басын сатып алу үшін жалпы сомасы 5 млрд. теңгеден аса несие берді.
Жалпы алғанда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша фермерлік шаруашылықтарды дамыту аясында 115 мың бас ІҚМ сатып алуға несие берді. Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.