Ел Үкіметіне адам саудасына қатысты заң құжаттарын одан әрі жетілдіру, оның құрбандарын жүйелі түрде анықтау сынды ұсыныстар әзірлегендіктерін атап өткен ол: «Бұл ең біріншіден құқық қорғау органдарына қатысты. Олар адам саудасы құрбандарын анықтау барысында азаматтық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеуі және Орталық Азия елдерімен адам саудасына қатысты мемлекетаралық келісімдер жасасуы қажет. Сонымен қатар еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету керек. Өйткені ол адам саудасымен күресте ең басты кедергі болып отыр», - деді.
Оның атап өтуінше, өткен жылы Қазақстан бойынша адам саудасына қатысты 271 қылмыстық іс қозғалған. Ал ағымдағы жылға әзірше нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен бұл қылмыс түрінің елімізде жылдан жылға ұлғайып келе жатқандығы байқалады. Мәселен, 2005- 2006 жылдары сәйкесінше 16 және 25 қылмыстық іс қозғалған болатын.
Шешеннің сөзіне қарағанда, адам саудасына қоғамның ең әлсіз буын болып саналатын әйелдер мен балалар көп ұшырайды.