Сыбайлас жемқорлық арқылы 7 миллион теңгені жымқырған алаяқ 4 жылға бас бостандығынан айырылды
18:39, 06 Мамыр 2009
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мәліметіне сәйкес, 7 миллион теңге мемлекет қаржысын жымқырған С.есімді әйел азамат Көкшетау қалалық сотының шешімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында «Қазақстан Халық банкі» АҚ облыстық филиалының үш менеджері мен «Перинатальды орталық» қазыналық кәсіпорынының экономисі С.есімді әйел өзара келісіп бөгде адамдарға несие алып беруді кәсіп еткен. Өз кезегінде С. оңай несиеге қарық болуға үміттенгендердің тиісті құжаттарын компьютер арқылы жасап, толтырып, анықтамаларын растап отырған. Ал банк менеджерлері алдын ала жасалған келісімге сәйкес бөлінген 500 мың теңге несиенің 100 мыңын қалталарына басып қалып отырған. Осындай әрекетпен 14 адам 7 миллион теңге несиеге иелік еткен. Департамент тергеу басқармасының мәліметі бойынша, қазір күдіктінің үстінен қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып, тиісті шешім шығарылды.