Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын іске асыру- бүкілхалықтық міндет

АНА. 30 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан ТМД елдерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің заңнамалық базасы мен жүйесін бірінші болып жасауға кірісті.

Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған негізгі нормативтік құқықтық акт - Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданды, сонымен қатар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалып, ол қоғам өмірінде сәтті түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бұл мәселеге қатысты бірнеше Жарлықтары қабылданды. Бұдан да бөлек Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталатынын да айтсақ болады.

Жалпы, сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады. Ол экономикалық заңдардың еркін әрекетін біршама деңгейде шектейді және еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді, еліміз үшін пайдалы шетелдік инвестициялардың жолындағы басты кедергілердің бірі болып табылады.

Әсіресе, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдарында қауіпті болып есептеледі. Бұл жағдайда ол мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретін өкілеттілігінің және қатаң құқықтық есеп берудің, шенеуніктерді қадағалаудың жоқтығынан биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтырады. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді.

Сондықтан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі» деп атап көрсеткен болатын.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы «сыбайлас жемқорлық» деп ұғынылады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңы ең пәрменді заңдардың бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда бұл заң осы бірнеше жыл ішінде жоғары маңызға ие болып, мемлекеттік қызметшінің күнделікті пайдаланатын оқу құралына айналып отыр. Заңның ең басты құндылығы, ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіптен сақтауға, сондай-ақ жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, тыю және ашу жолында мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Өз кезегінде барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреттері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңы салық органдарының жұмыс барысында аса маңызды құжат екені айқын. Жалпы салық органдарын ел экономикасының «күретамыры» деп ауыз толтырып айтуға болады. Міне, мемлекеттің экономикалық саясатының маңызды тетігі болып отырған салада да сыбайлас жемқорлықпен күрес басым бағыт ретінде белгіленуі тиіс және солай жасалып та отыр. Қазіргі уақытта еліміздегі бұл салада барлық заңдар заман талабына икемделіп, кәсіпкерлердің республика аймағында еркін әрі ашық түрде жұмыс атқаруына қолайлы жағдай туғызылып отыр.

Бостандық ауданы бойынша салық басқармасы Мемлекеттің экономикалық саласының бір тармағы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске баса көңіл аударып отыр. Осы жағдайлармен күрестің тиімді нәтижесі салық қызметі органдарында жемқорлық құқық бұзушылықтарды бұлтартпау және оны болдырмау жөнінде кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Осы орайда біздің басқармада сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша жұмыс істейтін комиссия мүшелерінің қатысуымен жиындар өтіп, құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, өзара іс-қимыл әрекеттері жандандырылды. Сонымен қатар мекемемізде салық төлеушілер үшін семинарлар, кездесулер, «дөңгелек үстел» жиындарын өткізу, БАҚ-та материалдар жариялау арқылы түсіндірме жұмыстары дәстүрлі түрде жүргізіледі. Ал «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалымен бірігіп жеке тұлғалар және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тұрақты қолға алынған.

Жалпы, қоғамдағы қандай да болсын келеңсіздіктің алдын алуды әрбір азамат өзінен бастаған жөн деп есептеймін. Бұл ретте, мен өзін отанымыздың патриотымын деп есептейтін әрбір замандасыма айтарым, еліміздің биік белестерді бағындыруы, мемлекетіміздің 50 дамыған елдердің қатарына кіруі сынды асыл мұраттарға қол жеткізуіміз біздің отан алдындағы еңбегімізді адал атқаруымызбен тікелей байланысты.

Әсел Құдайберген

Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша
Салық басқармасының бас маманы - бас салық инспекторы