Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ең бастысы - оның алдын алу - Көлік министрлігіндегі кеңес

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде министр Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі міндеттерге арналған жұмыс кеңесі болып өтті. Кеңес жұмысына министрліктің барлық құрылымдық бөлімшелерінің, басқармаларының басшылары, идеологиялық актив қатысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш министрлік баспасөз қызметінің хабарлағанындай, кеңес жұмысын ашқан министр Әбілғазы Құсайынов сыбайлас жемқорлық құбылыстарымен күрес ең алдымен адам факторын неғұрлым азайтудан басталуға тиіс екендігін атап өтті. Мәселе қызмет көрсету мен бақылау орнату кезінде мөлдірлікке қол жеткізуде, оның ішінде кез келген мүмкін болған жағдайда автоматтандырылған жүйе енгізу қажет. Осыған байланысты бірінші кезекте нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, онымен қоса әрбір сала бойынша жаңа ережелер мен ұсынымдар әзірлеп, бекіту қажет. Екіншіден, кадрлармен жұмыстың барынша айқын жүйесін жасау қажет, онда да жұмысқа қабылдау мөлдірлігінен, оларды мұқият іріктеуден бастап, олармен күнделікті атқаратын жұмысқа дейін ескерілуі керек. Бұл ең алдымен темір жол көлігі мен көліктік бақылау салаларына қатысты.

Көлік-коммуникация кешенінің әрбір саласында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында бірқатар жауапты адамдар есеп берді. Министрліктің Жауапты хатшысы осы бағыттағы жұмыстарды ширату жөнінде біраз ұсыныстарымен бөлісті.

Кеңесті қорытындылай келе көлік ведомствосының басшысы Әбілғазы Құсайынов: «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте біз, мемлекеттік қызметкерлер ретінде, саламыздағы да, еліміздегі болып жатқандардың барлығына жауаптымыз, яғни біз тұтастай мемлекетіміздің беделі жайында ойлауымыз қажет. Бір айдың көлемінде министрліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шаралар жоспары туралы бұйрықты қайта жаңартуымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыс барысын жүйелі түрде, нақтылап айтқанда ай сайын Жауапты хатшыда, тоқсан сайын министрде тыңдап отыруымыз қажет. Бұдан тыс салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында жұртшылықты уақытылы хабардар етіп отыруымыз керек. Сондықтан БАҚ-на жиірек шығып, олардың кез келген жарияланымдарына шұғыл іс-қимыл жасап отыру қажет», деді.