Сыбайлас жемқорлықпен күрес - мемлекеттің жаңа саяси бағытын жүзеге асырудағы маңызды шарт - М. Тәжин

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалық етуімен ҚР Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Онда сот органдары қатарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы іс-қимыл, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өңірлік жоспарларын іске асыруда қабылданған шаралары талқыланды.

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы мемлекетіміздің жаңа саяси бағытын іске асырудың маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық - бұл қоғам мен экономиканың дамуына кедергі болатын қауіпті құбылыс. Біздің мақсат - мемлекеттік органдар қатарындағы жемқорлық әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ, онымен белсенді күресті жүргізу», - деді М. Тәжин.

Комиссия отырысы барысында сот органдары жұмысының сапасы құқықтық тәртіп жағдайының өзекті индикаторларының бірі болып табылатындығы аталып өтілді. Ал сот шешімдерінің заңгерлік мінсіздігі мен әділеттілігі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тиімділігін белгілейді. Сондықтан да, Мемлекет басшысы былтырғы өз Жолдауында сот жүйесін одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударған болатын. Бұл ретте сот қызметінің айқындылығын, судьялардың кәсіби жоғары деңгейі мен жауапкершілігін қамтамасыз ету басымды міндет болып қала береді.

Сонымен қатар, Комиссия Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өңірлік жоспарларын іске асыру бойынша жұмыс қорытындыларын қарады.

Отырыстың қорытындысы бойынша Комиссия мемлекеттік органдарға Елбасы қойған міндеттерді орындау бойынша нақты ұсыныстарды айқындады.