деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста аталмыш құжатқа байланысты баяндама жасаған Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Ермек Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, заң жобасы - елдегі жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған саясаттың құқықтық шараларының бірі. 1997 жылы Қазақстан 2030 жылға дейін қабылдаған даму стратегиясында жемқорлыққа қарсы күрес маңызды мәселелердің бірі ретінде белгіленді. Соңынан 2001-2005 және 2006-2010 жылдарды қамтитын мемлекеттік бағдарламалар негізінде жемқорлыққа қарсы күрес біршама күшейтілді. «Өткен жылы еліміз әлемік қауымдастықтың айрықша маңызды құжаттарының бірі Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады. 1998 жылы ТМД елдері арасында Қазақстан тұңғыш рет жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңын қабылдады. Осы заңға бүгінгі күнге дейін 10 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, құжат құқықтық құрылымы мен мазмұны жағынан біршама жетілдірілді. Осының өзі жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттің басты назарында екендігінің белгісі», деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, талқылауға ұсынылып отырған заң жобасы күшіне енсе, еліміздің қылмыстық және қылмыстық із жүргізу, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» және Кеден кодекстері мен 13 заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. «Заң жобасының мақсаты - сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатайту және жемқорлықты тудыратын нормаларды жою болып табылады. Заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында комитеттерден және депутаттардан
50-ге жуық ескертпелер мен ұсыныстар түсті. Олар жұмыс тобы мен комитет отырыстарында қаралды», деді Е.Жұмабаев.