Сыбайлас жемқорлықтан Еуроодақ жыл сайын 120 млрд. еуро көлемінде зардап шегеді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлықтың кеңінен етек алуы Еуроодаққа мүше барлық 28 мемлекетте де өзекті мәселеге айналып отыр. Одан келетін экономикалық шығын жылына 120 млрд. еуроны құрайды.

Бұл туралы Брюссельде өткен баспасөз конференциясында ішкі істер жөніндегі еурокомиссар Сесилия Мальмстрем сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында баяндама жасау барысында хабарлады. «Жемқорлық азаматтардың демократиялық институттарға және заңның үстемдігіне деген сенімін азайтады, еуропалық экономикаға залал келтіреді және мемлекетті қажетті салық түсімінен айырады. Еуроодаққа мүше мемлекеттер соңғы жылдары жемқорлықпен күресте көп жұмыс атқарды. Алайда бүгінгі таңда бұл жұмыстардың жеткіліксіз екенін көріп отырмыз», - деді Мальмстрем.

Ол баяндаманың мақсаты - ЕО әрбір еліндегі жағдайды жеке-жеке саралап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін ұсыныстар әзірлеу болып табылатынын хабарлады. Дәл қазіргі кезеңде Болгария мен Румыния елдері Еурокомиссияның аса алаңдаушылығын тудырып отыр.

Мальмстрем атап өткендей, Еурокомиссияның келесі қадамы ЕО елдерінің үкіметтері мен парламенттерінде, сондай-ақ Еуропарламентте жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуді бастау болмақ. ЕО атқарушы билігі жоғарғы органының келесі баяндамасы екі жылдан кейін жарияланады.