14:08, 30 Наурыз 2009
Сыған диаспорасынан құралған қылмыстық топ құрықталды
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Осы аптада жедел шаралар нәтижесінде Қазақстанда 2 ұйымдасқан топ жойылды.
Оның біреуі сығандар диаспорасынан құралған топ Қарағанды және Теміртау қалаларында есірткі сатумен айналысқан.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ІІМ-нің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сыған диаспорасынан тұратын аталмыш топ мүшелері Қарағанды және Теміртау қалаларындағы оқу орындарына жақын жерлерде есірткі сатып келген.
Қазіргі күні ұйымдасқан қылмыстық топтарды (ҰҚТ) жою бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 50-ден астам есірткі қылмыстарын жасаған 9 ҰҚТ әрекеттері тоқтатылды. «Жалпы жыл басынан бері ел аумағы арқылы тасымалдаудың 23 фактісі, 1600-ден астам есірткі қылмысы ашылды. Оның 900-і есірткіні өткізу бойынша. Былтырғы жылмен салыстырғанда тәркіленген есірткі көлемі бес есеге артты.Оның 15 киләсі - героин», деп атап көрсетті Б.Қожахметов.