Сықақшы К.Әмірбек туған күнін университетте тойлады
18:44, 29 Наурыз 2013
АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 29 наурыз - Халықаралық күлкі күніне орай белгілі сықақшы Көпен Әмірбектің қатысуымен сатира кеші өтті.
«Көпен келе жатыр!» деген атпен ел-жұрттың езуіне күлкі үйіріп, белгілі болған сықақшы Көпен Әмірбекті білмейтін адам кемде-кем. Бірақ, Көпен де жұмбақ. Біз білмейтін қыры мен сыры көп. 29 наурыз - Көпен Әмірбектің туған күні. Бүгінде ол Пайғамбар жасына келді. Ұстаздарын ұлағаттап жүріп, өзі де ұстазға айналды», - дейді іс-шараны ұйымдастырушысы, университеттің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай.
Бүгінгі кешке Көпеннің шәкірті, «Тамаша», «Терісқақпай», «Бауыржан-шоу» театрынан тәлім алып, күллі көрерменге күлкі сыйлап жүрген Ұлан Нүсіпәлиев, пародист Олжас Сыдықбек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, Халық ақыны Қонысбай Әбіл және тағы басқа сатира майталмандары қатысты.