***
Кеше Астанада БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы бас Ассамблеясының 18 -сессиясының ашылу салтанаты болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Сандыбадтың қазіргі заманғы ізбасарлары» деген тақырыппен осы басқосудың барысынан егжей-тегжейлі хабар берген.
Бұл іс-шара «Казахстанская правда»газетінің де назарынан тыс қалмады. Газет Президенттің сөзіне сілтей отырып, қазақстандық туристік фирмалардың маркетингтік зерттеулері бойынша алдағы жылдары Қазақстанды Еуропа мен Азиядан 14 миллион туристің келіп көруді жоспарлап отырғанын жазады.
Осы тақырыптағы материалдарды«Литер», «Экспресс К» басылымдарынан да оқуға болады.
«Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді». Осы тақырыппен берілген «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала қазанның 3-інде Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің, Түркия Президенті Абдолла Гүлдің, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиевтің және Түрікменстан Премьер - министрінің орынбасары Хыдыр Сапарлыевтің қатысуымен өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX самиті туралы жазды.
***
«Бас Ассамблеяның кезекті сессиясының ТМД-да, бүкіл Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда өткізілуі - еліміз үшін үлкен мәртебе» - дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Туризм ұлттарды жақындастырды, елдерді табыстырды» дегентақырыппен «Айқын» газетінің бүгінгі саны да кеше Астанада әлемнің 120 елінің туы тігілген Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас Ассамблеясына назар аударды .
Аталмыш басылымның бүгінгі санындағы «Әдебиеттің деңгейін «Нобель» сыйлығымен өлшеудің қазаққа қажеті қанша?» деген сауалған құрылған мақала бүгінгі нарық заманында кітап пен оқырман арасы күннен - күнге алшақтап бара жатқанын айтады. «Мұның себебін кейбіреулер теле - радио, интернет деген «құдіреттер» кітаптың қасиетін үшінші, оныншы орындарға ысырып тастағандығымен түсірдіреді» - дейді басылым.
***
Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Мұқышев орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Толығырақ «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Меморандумға қол қойылды» деген мақаладан оқи аласыздар.
Сондай -ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Бюджеттік сала «көш бастап» келеді» деген тақырыппен Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының бірінші орынбасары, қаржы полициясының подполковнигі Қайролла Есмағамбетовпен болған сұхбат берілген. Сұхбат бүгінгі бас қаладағы сыбайлас жемқорлық,экономикалық қылмыс жайында сөз қозғайды.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Сынып қорының» сыры көп» атты мақала мектептер мемлекеттік болып, мемлекеттен қаржыланса да ата-анадан ақша жинау әлі күнге тоқтамай келе жатқанын сынға алады. «Атап айта кетер жайт, «сынып қоры» деген алматылық мектептердің барлығына тән үрдіс екен. Бір мектептер сынып қорына айына 2000 теңгеден жинаса, енді бір мектептер айына 4000 теңгеден жинайтын көрінеді. «Мектепте ақша жиналмасын» деген Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұйрық болып айтылғанмен, құлақ асар жан көрінбейді. Мектептердегі «сынып қорына» тыйым салу үшін «Сынып қоры туралы» заң қабылдаудан басқа амалымыз да қалмағандай», - дейді басылым.
«Бүгінгі таңда Қазақстан бишілерін қынжылтып жүрген бір жайт - зейнетке шығу уақтысына қатысты. Нақтырақ айтқанда, олар карьералық мерзімінің 40 жас шамасында біткеніне қарамастан, зейнетақы алмастан зейнеткерлік жасты күтуге мәжбүр. Ал бүкіл әлемде балет әртістері - 15, әрі кетсе, 17-20 жылдық еңбек өтілінен кейін демалысқа кетеді. Өйткені «осы уақыт ішінде биші өз мүмкіндігін мейлінше сарқа пайдаланып болады» деп есептелінеді. Мамандардың пікірінше, «ұзақ билей беруге болады, бірақ оның көретіндей ештеңесі болмайды. Өйткені балет - жастықтың өнері» - деп жазған «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала. Бұл турасында «Балет бишілерін қалай бағалай аламыз» деген тақырыптағы мақаладан оқыңыздар.
***
«Нұрлы көш» бағдарламасының қабылданғанына да бір жыл болды. «Алтын орда» апталығының бүгінгі санындағы «Миллион қазақтың мұңы бір» деген тақырыппен берілген сұхбат «Нұрлы көш» қазақтың соңғы көші болып, сыртта жүрген қандастарымыздың көші ата қонысына қарай бетін түзеді ме?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітеді.
***
Екі жылдан кейін әлемдік кинопремьералардың бәрі Қазақстанда мемлекеттік тілде көрсетілетін болады. Бұл туралы бүгінгі нөмірінде жазған «Экспресс К» газеті елімізде мәдениет туралы заңға өзгерістер енгізілетін болса, осылай болуы мүмкін екендігіне назар аударған. «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Ермек Аманшаев мұның отандық киноны өркендетудегі бірінші қадам болатынына сенімді, дейді аталған басылым.
Ал «Литер»газеті энергия өндірушілердің мезгілсіз уақытта жөндеу немесе жабдықтарын дер уағында тиісті жөндеуден өткізбеу мәселелеріне назар аударып, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі бұдан былайғы уақытта жабдықтарын уақытылы жөндеуден өткізбеген энергия өндірушілерге айыппұл салмақ ниетте екенін жазады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркітілдес елдердің саммитінде айтқан ұсыныстары, соның ішінде Түркі академиясын құру туралы бастамасы «Литер», «Экспресс К», «Казахстанская правда»басылымдарын да бей-жай қалдырмаған. Түркітілдес елдердің ынтымақтастығы мен оның болашағы талқыға түскен осы алқалы басқосу туралы кеңірек аталған газеттерден де оқуға болады.