Сыпайылық, еңбексүйгіштік, жігер: Елорда әуежайы клинерлері қалай жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тазалық – денсаулық кепілі әрі кез келген ғимаратта мінсіз жағдай жасайтын адамдар жұмысының көрсеткіші. Дәл сол адамдар ғимараттың таза әрі жайлы болуы үшін бар күш-жігерлерін жұмсайды. Олар аязды күндері де, жауын-шашын уақытында да ғимараттың тазалығын қамтамасыз етеді. Сондықтан клинер жұмысы өте ауыр және сыпайылықты, еңбексүйгіштікті, жігерлілікті, ұқыптылықты, тәртіпті талап ететіні белгілі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшілері Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында болып, әуе айлағының тазалығын қамтамасыз ететін 124 адамның жұмысымен танысқан болатын.

Әйелдер мерекесі қарсаңында әуежайда 6 жыл бойы клинер болып еңбек етіп келе жатқан Зәуреш Омарованы сөзге тарттық.

«Сіздердің алдарыңызда тағы бір журналист келіп кеткен болатын. Бізге сұхбат беру ыңғайсыздау әрі әдеттенбеген дүниеміз. Біздің жұмысымыз қарапайым ғана ғой»,- деді ол.

Зәуреш Омарова таңғы сағат 8:00-де ауысымға түседі.

Ол басшылыққа таңертең қанша адам жұмысқаны кіріскені туралы фотоесеп жібергеннен кейін барлық клинерлер өздеріне бекітілген аумақты тазалау жұмысына кіріседі.

Олар күні бойы ғимараттың ішін тазалайды. Ал ол оңай жұмыс емес. Өйткені, елорда әуежайына күнсайын 10 мыңнан астам адам келіп, кетіп жатады.

«Әрине, жолаушылар әртүрлі. Оның үстіне әуежай – бұл түрлі адамдардың жолы тоғысатын жер. Бірақ, біз әрбір жолаушының көңілінен шығып, тазалықты қамтамасыз етуге тырысамыз. Жолаушылармен жанжалдасуға жол бермейміз әрі бәрімен сыпайы сөйлесеміз. Өйткені, олар жол жүріп бара жатыр. Жолаушыларға да өз рейстерін таза ғимаратта күту де жағымды әсер қалдырады ғой. Бұл біздің жұмысымыздың көрсеткіші де», - деді клинер.

Оның бұған дейінгі жұмыс орнында төленетін жалақы төмен болатын. Сондықтан елорда әуежайына жұмысқа орналасты.

Қазіргі жалақысы көңілінен шығады әрі уақыты алады. 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалады.

Клинерлер әуежайды тазалау барысында еден жуатын машинаны қолданады. Машина тәулігіне үш рет ғимаратты тазалап шығады.

Сонымен қатар клинерлер әр 20 минут сайын баспалдақтың жақтауларын сүртіп алады.

«Ешандай қиындық байқамадым. Қайта жұмысым өзіме ұнайды. Тіпті, мереке күндерін жұмыста қарсы алатын кездеріміз болады. Басшылықтан құттықтау, алғыс хаталып жатамыз. Олардың бізді назардан тыс қалдырмайтыны сүйсіндіреді», - деді Зауреш Омарова.

Ол өткен жылы әйелдер мерекесін жұмыста қарсы алды. Ұжымдастарымен мерекелік дастархан жайып, бір-біріне шынайы ықыластарын білдірді. Ал биыл ол мерекені отбасылық дастархан басында қарсы алады.

«Барлық әйел затын мерекемен құттықтағым келеді. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! 8 наурызды үйде, отбасымның ортасында қарсы аламын. Жыл сайын балаларымның, немерелерімнің құттықтауы дәстүрге айналған, назардан тыс қалдырмайды. Әйел үшін бақыт дегеніміз не? Әрине, балалардың, отбасының амандығы. Сіздерге де соны тілеймін!», - деді Зәуреш Омарова.