«Сыр болашағы» атты жас мемлекеттік қызметшілер клубы құрылды
Мемлекетті қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы-тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев «Сыр болашағы» жас мемлекеттік қызметшілер клубының мүшелерімен кездесіп, клубты құрудағы мақсатты түсіндірді.
Аталған басқарманың ұйытқысымен құрылған клуб құрамына 30 жасқа дейінгі қалалық, аудандық әкімдік, бөлім, облыстық және аумақтық департамент, басқарма секілді мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызметке қабылданғысы келетін жастар енген.
Кездесу барысында Ғ.Тұрсынбаев клуб жетекшілігіне жас әрі білікті басшы, жастармен жұмыс жасаудағы тәжірибесі мол қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Айдын Қайруллаевты ұсынды. Клуб мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдады.
Клубтың басты мақсаты - жас мемлекеттік қызметшілер арасында қарым-қатынас орнату, өзара пікір-алмасу алаңын қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің азаматтық ұстанымдарын дамыту үшін жағдай жасау, оларды қоғамдық маңызды шараларға тарту, кәсіби, іскерлік қабілеттерін көрсету үшін жағдай жасау, уәкілетті органдарға мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар беру.
Сонымен бірге, клуб жас мемлекеттік қызметшілердің жоғары тұрған органдарда тәжірибе жинақтау мақсатында тағылымдамадан өткізіп, білікті сала мамандары мен жетекшілерінің шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды көздейді.
Қазіргі таңда «Сыр болашағы» жас мемлекеттік қызметшілер клубын әділет органдарында қоғамдық бірлестік ретінде ресми тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Клуб өзінің жарғысын әзірлеп, іс-шаралар жоспарын әзірлеп те үлгерді.