Сыр бойында егін орағы қызды - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Cыр өңірінде егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр.

Биылғы күзгі ауа райы оң қабақ танытып, шаруаға жайлы болып тұр. Еңбекшіл диқандардың бар тілегі шауын-шашын, желді боранға қалмай жер ананың төсіндегі ел ырзығын үлгеріп жинап алу.

Ауыл шаруашылығы басқармасының бүгінгі күнге дейінгі мәліметі бойынша, облыстағы 77379 гектар күріштіктің 37397 гектары орылып, 27141 гектары бастырылды. Қазіргі уақытта Жаңақорған мен Шиелі аудандары астықты алқаптың 53,4 және 56,0 пайызын жинап бітірді. Ал Сырдария, Жалағаш аудандарының еңбеккерлері күріштіктің 53,3 пайызына жуық орақ салды. Аудан диқандары әр гектардан орта есеппен 39-45 центнерге дейін өнім алуда. Егін орағында орта өнім көрсеткіші жөнінен қармақшылықтар 45 центнер/гектардан өнім жинап көш басында келеді. Бүгінде облыс бойынша астық берекелігі гектарына 41,7 центнерді құрайды.

Алтын дәнді жинап алуға облыста 1764 трактор, 817 комбайн, 392 жатка, 379 жүк автокөлігі, 932 трактор тіркемесі жұмылдырылып отыр. Сыр жерінде егін орағының қарқыны артып келеді, биыл егіннің түсімі тәуір. Алда диқандар тек ауа райының шуақты болғанына үміт артып отыр. Олар ауа райы қолайлы болып тұрса, егінді толық орып бітетіндеріне бек сенімді.