Сыр бойында ЭКСПО қонақтарына «Travel Club Kazakhstan» компаниясы қызмет көрсетеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-'Travel Club Kazakhstan компаниясы Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт ата кешеніне келуші туристерге қызмет көрсетуге дайындықты бастап кетті,деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі Қармақшы аудандық әкімдігіне сілтеме жасап.

  Негізі қонақтар әрине, «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілер болып табылады. Ұзақ жолдан келген жолаушылар ең алдымен қызмет көрсету сапасына мән береді. Сондықтан туристік маршрутпен бірге олар түсетін қонақүйлер сервис жағынан кемшін түспеуі керек. Жосалыдағы шағын қонақүй бесжұлдызды болмағанмен, шетелдіктердің де, отандық туристердің де көңілінен шығатындай етіп жабдықталмақ. "Travel Club Kazakhstanның" кәсіби мамандардан құралған ұйымшыл командасы  әлемдік стандарттарға сай сапалы қызмет көрсету үшін бір мақсатқа жұмылып отыр.  

Бастысы,қонақтарды әлемге аты әйгілі Байқоңыр айлағының, түркі әлеміне етене таныс «Қорқыт ата» кешенінің, Жібек жолы бойындағы ескі қалалардың құндылықтарына қызықтыру. Бір ғана Байқоңырдағы Халықаралық космонавтика мектебін, Ғарыш музейін, Гагарин мен Королевтің мемориалдық үйлерін  көруге ынталылар көп. Бағдарлама бойынша ұшатын дрондарды жинау және түнгі далада ұшыру қарастырылған. Балық аулауға әуестігі бар туристерге Сырдарияның байлығын көрсету де ойда бар.  

- Жаз шыға бере қонақүй жанына 3 алты қанатты, 1 сегіз қанатты - барлығы 4 киіз үй тігеміз. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдарының қалай әзірленетінін көрсеткіміз келеді. Сонымен бірге, ұлттық аспаптар, әшекей бұйымдар жасайтын шеберлерді шақырамыз. Олар бұрын біздің бұйымдарымызды көрмелерде дайын күйінде ғана көрсе, енді қалай жасалатынымен танысады, - дейді "Travel Club Kazakhstan» компаниясының өкілі Марлен Жәрімбетов.