Сыр бойындағы кооперативтер ет те, сүт те өндіреді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Аграрлық секторды қазіргі заманғы жағдайда дамытудың тиімді тәсілі ауылшаруашылығы кооперативтеріне бірігу екендігі белгілі. Осы бағытта жасалған жұмыстар нәтижесінде бүгінде аймақта 223 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауылшаруашылығы басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Басқарманың есебіне сүйенсек, биылғы алты айда 514 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуі арқылы 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды (20 ет бағытында, 3 сүт бағытында, 1 бақшалық, сондай-ақ, «Ақмол» АӨК - сүт және ет бағытында жұмыс жасайды). 

Құрылған кооперативтерді қаржыландыру «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында осы жылға бөлінген 1765 млн. теңге қаржы есебінен жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 15 кооператив 1 057,0 млн.теңге қаржыға  6797 бас ірі қара алған.

Нәтижесінде, бүгінгі күні 274 отбасылық мал бордақылау алаңдары құрылып, 4836 бас мүйізді ірі қара малы бордақылануда. Сонымен қатар, 1961 бас сиыр сатып алынып, 85 шағын отбасылық сүт фермалары құрылды. Бүгінгі күнге құрылып, несие алған кооперативтер 160 тонна ет, 40 тоннаға жуық сүт өндірді.

Мемлекеттің арнайы бағдарламалары арқылы қолдау тауып отырған ет және сүт өндірісі Елбасының «Ұлт жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты басты құжаттың 60-61 қадамдарында: Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту керектігі  баса айтылды. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету міндеті қойылды.