Сыр бойының жастары Жолдауды қолдайды

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры алдында "Елбасының Жолдауы – Сыр жастарының қолдауы" атты патриоттық жастар акциясы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Облыстық ішкі саясат басқармасы мен "Жастар бастамаларын дамыту орталығы" қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты - үстіміздегі жылғы наурыздың 6-сында Елбасының қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауын қуаттау, оның саяси маңыздылығын түсіндіру, қаржы дағдарысы тұсында елімізде жастарға жасалып жатқан қомқорлықтардан құлағдар ету болып табылады. Жиынға қаладағы барлық жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айдын Қайроллаев, "Жастар бастамаларын дамыту орталығы" қауымдастығының төрағасы Серік Әбдішүкіров, "Ақ сөйле" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Ниязов, "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Ғани Дүйшенов жастар алдына шығып, Жолдаудағы басты бағыттар, қаржы дағдарысында қазақстандық жастарды әлеуметтік қолдау үшін жасалып жатқан игі істер жөнінде айтып, қолдау көрсетуге шақырды. Жиын барысында өнерпаз жастар ән айтып, би биледі, "Қызық орда" көңілді тапқырлар клубы әдемі әзілдерін ұсынды. Соңында акцияға қатысушылар үндеу қабылдады.