Сыр халқының 95 пайызы өңірде діни ахуал тұрақты деп санайды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Бүгін облыстық коммуникациялар орталығында дін саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша брифинг өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

2016 жылғы ІІІ тоқсанда жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың   95,3 пайызы облыстағы діни ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағалаған.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемовтің айтуынша, Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аймақ бойынша білікті мамандардан құралған 10 ақпараттық-насихат тобы жұмыс жасайды. 
«Аймақтағы деструктивті діни ағымдардың алдын алу және діни тұрақтылықты сақтау мақсатында 2016 жылдың 11 айында түрлі форматта 2 298 іс-шара ұйымдастырылып, оған 67 400 адам қатысты. Республикалық-ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері аудандар мен шалғай елді мекендер тұрғындарымен 17 кездесу өткізді. «Қызылорда облысы аумағында халықаралық, республикалық деңгейдегі теологтар жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында қырыққа жуық кездесу мен семинар өткізілді»,- деді басқарма басшысының орынбасары.