«Сыр Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды
14:56, 24 Тамыз 2010
>ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат. Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі аймақтың белді бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіретін «Сыр Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылғанын, оның директоры болып белгілі журналист Аманжол Сақыпұлы тағайындалғанын хабарлайды.
«Сыр Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Сыр бойы» және «Кзылординские вести» облыстық газеттерін біріктіреді. Жаңа ақпарат мекемесінің басшысы Аманжол Сақыпұлы - танымал журналист, әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. Сыр бойындағы әйгілі ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылық мұрасын зерттеп, ғылыми еңбек қорғаған. Ол бұған дейін «Халық» газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болып істеген. Бұл серіктестік бірнеше басылымдарды біріктіреді.
Жаңа басшының кандидатурасы бұл қызметке облыстық ішкі саясат басқармасы жариялаған конкурс арқылы іріктелді. Ол бірнеше үміткердің ішінен таңдап алынды.