Сыр өңірінде 72 әкім сайланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысының аудандарында тамыз айының 7-9 аралығында өкілеттік мерзімі аяқталған 67 және өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған 5 кент пен ауылдық округ әкімдерін сайлау өткізілді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне сайлау қорытындысын жария етті.

Төрағаның айтуынша, сайлау 4 жыл сайын өтеді. Биылғы сайлауда әкімдікке ұсынылған 166 кандидаттың 7-еуі тіркеуге дейін сайлауға түсуден бас тартса, Қазалы ауданынан 10 үміткер тіркелгеннен кейін шығып қалған.

Дауысқа 149 кандидат түсіп, оның 72-сі таңдаушылардың көпшілік дауысына ие болып, әкім болып сайланды. Осы 72 адамның 50-і әкімдік қызметке қайта сайланып отыр.