Сыр өңірінде егін егу науқаны басталды
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Дала күні» семинар-кеңесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының және өнімдерінің көрмесін тамашалады.
Облыс әкімі шараға жиналған қонақтармен бірге танапқа алғашқы дән себу рәсімін өткізді.
Шаруашылық үздіктерін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және облыстың ең жоғары наградасы – «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен», облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Шаруалар қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұмысы жүріп жатыр», – деді облыстың әкімі.
Бүгінде «Шардара» су қоймасында 5,03 млрд. текше метр, «Көксарай» су реттегішінде 1,79 млрд. текше метр су бар.
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,8 млрд.текше метр су пайдалану лимиті белгіленген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 млн. текше метрге артық.
Душанбе қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан елдері кіреді) кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің сулылығы болжамына сәйкес Шардара су қоймасына түсетін көлем нақтыланады.
Болжам нақтыланған соң су лимиттері қайта белгіленеді.
Коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
Биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, (226,0 млн.теңге) елді мекендерге 21 дана насос қондырғысын жеткізіп беру (301,4 млн.теңге) және 27 каналға (111,7млн.теңге) жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен бірге, шаруашылықаралық каналдардың 68,0%-ы, ішкі шаруашылықаралық каналдардың 79,0%-ы тазалаланды.
Су құрылыстарының шаруашылықаралық каналдарының 48,0 %-на, ішкі шаруашылық каналдардың 70 %-на және насос қондырғылардың 83%-на, гидробекеттердің 88%-на жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы оның 5-не (2 магистралды, 3 шаруашылықаралық канал) жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемсараптама қорытындысы алынды.
Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Австралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
Қазіргі таңда «Rubicon Global» компаниясы Қызылорда сол жаға магистральды (Шіркейлі) каналына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобасын ұсынды.
Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы экспортының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қажетті жанар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақытылы жинап алу бойынша тапсырма берді.