ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында соңғы төрт күнде бірде-бір коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір тұрғындары арасында 27-31 тамыз аралығында қатерлі індетті жұқтырған азаматтар болған жоқ.
Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында 3231 адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған. Оның ішінде 3064 адам аурудан сауығып шықты. Өкініштісі, облыста 10 адам қатерлі індет салдарынан көз жұмды.
Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында Қызылорда қаласы тұрғындарының саны басым. Аталған індет облыстың барлық ауданында тіркелді.
Қызылорда облысында науқастардың сауығып шығуына байланысты бірқатар провизорлық стационарлар жабылды. Қатерлі індет өршіген тұста Қызылорда қаласы, Арал, Жалағаш және өзге аудандарда ашылған емдеу орындары қалыпты жұмыс ырғағына көшті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.