Сыр өңірінде қазақ-қырғыз ақындары бас қосты

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Парасатты поэзия» атты жыр кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қызылордада Қырғызстан мен еліміздің әр түкпірінен ақындар жиналып, бас қосты.

Игі бастама алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Поэзия кешіне қатысушыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдап, ақындарға шығармашылық табыс тіледі. Қонақтардың қатарында  бауырлас қырғыз елінің ақындары Бақтыгүл Чотурова мен Қарбалас Бакиров, Қазақстаннан Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Ертай Ашықбаев, Ұларбек Дәлейұлы, Бақытгүл Бабашова, жерлестеріміз Қатира Жаленова, Қаршыға Есімсейітова, Толыбай Абылаев, Алтай Үсенов, Дүйсенбек Аяшұлы, Толқын Қабылшаева сынды жиырмаға жуық ақын бар.

- Біз - ежелден «Сыр елі - жыр елі» атанған елміз. Тұма жырдың бастауын Қорқыттан алған Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған,  Сыр топырағын ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан етеміз.  Осы ретте, «Парасатты поэзия» жыр кешін Сырда ұйымдастыру Елбасының рухани жаңғыру идеясының аясында тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түседі, айқындай түседі деп есептеймін, - деді облыс әкімі.

Қабылдауға келген ақындар да облыс басшылығының бұл бастамасына ризашылықтарын білдіріп, лебіздерін жеткізді.