Сыр өңірінде жыл сайын егілетін ондаған мың саялы ағаштың көктеп кететіндері шамалы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қазіргі күндері Қызылорда облысында қарғаның миын қайнатып жіберетіндей ыстық болып тұр.

Қайнаған ыстықтан пана іздеген жұрт мұнда саялы ағаш пен арқырап аққан суға зәру.

Егер статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Сыр бойында жыл сайын егіліп жататын аған көшеттерінде есеп жоқ. Бірақ солардың кейін көктеп алып кететіндері шамалы. Айталық, биыл Шиелі ауданында 48 100 түп ағаш егіліпті. Жалағаш ауданында оның саны 43 мыңнан қайырылады. Қазалы жерінде 40 мың шыбық қадалса, Сыр­дария ауданының аумағына 29 849 көшет отырғызылған. Бұл көрсеткіштер Жаңақорғанда - 20 000, Аралда - 26 300, Қызылорда қаласында 31 000 көшет болып жалғаса берер еді. Қарапайым түрде есептің өзінде биыл аймақта 200 мыңнан астам көшет егілген болып шықты.

Маман­дардың айтуынша, дер кезінде тігілген талдың 70 пайызы бой алып кетеді екен. Осылай алып қара­ғанның өзінде де 1 жылда егілген талдың 150 мыңы тамыр алса, Қызылорда жері әлдеқашан сыңсыған ну орманға айналып кеткен болар еді, Ал іс жүзінде жыл сайын осынша ағаштың көктеп кетіп жатқанына үлкен күмәніміз бар. Демек, көрсеткішті отырғызылған көшет санымен емес, олардың алып кеткенімен бағамдаған абзал. Расында балапанды ғана емес, саялы ағашты да күзде санайтын уақыт жетсе керек.