Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласында ілгерілеушілік бар

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпаннның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Облыстық медицина орталығының мәжіліс залында денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте өткен жылы салада атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер нақ­тыланды. Басқарма бастығы Болатбек Баймаханов 2008 жылы сала бюджеті 13,1 млрд. теңгені құраса, былтыр ол 17,3 млрд. теңгеге жетіп, 32,1 пайызға өскенін, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі де 31,5 пайызға артқанын айтып өтті. Яғни, тегін медициналық кепілді көмек көрсетуге арналған шығыстар бір тұрғынға есептегенде 17491 теңгеден 22181 теңгеге көбейген.

Өткен жылы медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында елеулі жұмыстардың атқарылғаны белгілі. Бастапқы медициналық санитарлық көмекке, стационарлық емдеуден амбулаториялық емге көшу мақсатында облыс көлемінде күндізгі ауруханалар жұмысы жылдан-жылға жолға қойылуда. Яғни, күндізгі ауру­ханалардың төсек-орны күн санап көбеюде. Мәселен, 2008 жылы күндізгі ауруханалардағы төсек саны 529 болса, өткен жылы ол 626-ға жетіп, 97 төсекке артты. Ал үстіміздегі жылы оның санын 821-ге жеткізу жоспарлануда.

Мамандар демографиялық көрсеткіште де ілгері­леушіліктің барын айтады. Мәселен, облыс бойынша 1000 адамға шаққанда туу көрсеткіші 27,9-дан 28,9-ға өскен. Демек, біздің өңір Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін үшінші орында.