Сыр өңірінің келбеті уақыт талабымен үндесуі керек - сәулет және қала құрылысы кеңесінің мәжілісі
Облыс әкімдігі жанындағы кеңестің бұл жолғы отырысында Қызылорда қаласы аумағынан бой көтеретін «Астана» шағынауданын түбегейлі жоспарлау мәселесі қаралды.
-ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген қаланың бас жоспары тарихи шаһарды қазіргі заманға сай сәулеттендіруге негіз қалады Осыған орай жасалған жұмыстарды жалғастыру үшін үстіміздегі жылдың 22 ақпанында бас жоспарға және облыстық мәслихат шешіміне сәйкес жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын «Астана» шағынауданын түбегейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге бюджеттен 40,9 млн. теңге бөлініп, соған орай ұйымдастырылған конкурста «Урбостиль» ЖШС жеңімпаз атанды.
Мәжілісте облыс орталығындағы Ипподром ауданы, Сұлтан Бейбарыс және Жібек жолы көшелерінің қиылысы мен Тасбөгет кентінің бір бөлігін қамтитын жоба жайлы «Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева хабарлама жасады. Жобаны әзірлеу барысында жаңа ауданда салынатын үйлер, әлеуметтік нысандар, ондағы көлік қозғалысы, көркейту мен көгалдандыру, инженерлік инфрақұрылым толық ескеріледі. Хабарламашының айтуынша, осыған байланысты жергілікті мекемелерге деректерді анықтау үшін сауалдар жолданған.
Жобалаушы компания жетекшісі Қамбаш көлінің маңынан салынатын демалыс аймағы жайлы да айтып өтті. Жалпы, бұл жоба жүзеге асса, еліміздегі демалыс аймақтарының қатарына тағы бір тамаша тынығу орны қосылады. Болашақта үлкен туристік база салынуы тиісті Қамбаштың Қапшағайдан бір ерекшелігі, көлдің екі жағалауы да демалыс ұйымдастыруға аса қолайлы. Жобаланған аумаққа соны үлгідегі отель мен коттедждер қалашығы салынса, күре жолдың бойындағы демалыс кешеніне келушілер аз болмайды.
Мәжілісте Қамбаш көлінің жағасынан демалыс аймағын салу турасындада ой қозғалды. Көл жағасынан ауылшаруашылық мақсатында беріліп кеткен жер телімдері қазір қайтарылған. Бүгінде ірі туристік база жасауға қолайлы көл жағалауынан демалыс аймағын жобалау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жоба бойынша атқарылатын инфрақұрылымдық жұмыстарға жергілікті бюджет қаржысы жұмсалады. Әрі қарай оның дамуына кәсіпкерлер үлес қосу керек. Сонымен қатар «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мегажобасы толық жүзеге асқанда салалық министрлікке Қамбаштан үлкен сервистік орталық ашу жөнінде ұсыныс жолданады.