Сыр спортшылары Азия чемпионатынан жүлделі оралды

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сыр спортшылары Қытайдың Хайнань қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионатынан жүлделі оралды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 21 мемлекеттен 160 спортшы қатысқан жарыста Қызылордадан 10 спортшы барып, оның 8-і жүлде алды. Қазақстан құрамасы 3 алтын иеленсе, осы үш алтынның екеуі - қызылордалықтардың еншісінде. Біреуін жамбылдық жас иеленді. Жалпыкомандалық есепте еліміздің құрама командасы 3-орында, 1-орын - Қытай, 2-орын - Өзбекстан. Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында 40 келіде өнер көрсеткен Гүлдана Мұрат пен 50 келіде Мағжан Шамшадин (екеуі де - спорт интернатынан) жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды. 55 келіде Бауыржан Жауынтаев (№1 ОМБЖОРМ) күміс жүлдегер атанса, 60 келіде облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Нұрсұлтан Иса үшінші орынды иеленді. Ал жастар арасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. 60 келіде Ерлан Жақсыбеков (олимпиадалық даярлау орталығы) пен 100 келіде Еламан Ерғалиев күміс жүлдені еншілесе, 100 келіде Әділхан Қозыбаев пен 63 келіде Ақерке Мырзабек (үшеуі де ЖСШМ) қола жүлдегер атанды.

Б.Жауынтаев пен А.Сайын келесі жылы тамыз айында Қытайдың Нанджинг қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысады, деп хабарлады kyzylorda-news.kz.