"Сыр жиһазының" өніміне сұраныс үзілмейді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Шағын және орта бизнес нысандарын мемлекеттік қолдау өзінің жаңа кезеңіне қадам басты.Бұл тұрғыда облыс басшылығы саланың өсіп-өркендеуіне нақты көмек көрсетіп, несиелендірудің басым бағыттарын белгілеген болатын. Өндірісті дамытуға жасалып отырған осы қамқорлық кәсіпкерлердің ертеңге деген сенімін арттырып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі."Сыр жиһазы" фабрикасының өнімдерін қаладағы кез-келген мекеме төрінен кездестіруге болады. Мұндай жетістікке жету әрине, бір күнде бола қойған жоқ. Үнемі ізденіс пен тәжірибе алмасу, уақыт талабымен үндестік таба білу ғана көптің сеніміне алып келетіні белгілі.? Ол қиын кезеңдер артта қалды, қазір тапсырыстың көптігінен оны орындауға үлгіре алмай жатамыз, ? дейді серіктестік директоры Қанағат Сақтағанов бізбен әңгімесінде. "Асар" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты "Сыр жиһазы" фабрикасы 1997 жылы құрылды. Бүгінгі таңда ағаш өңдеу, жиһаз құрастыру және темірпластик цехтарында жүзге тарта адам еңбек етеді. Жалақы көлемі 20 мың теңгеден басталып, еңбек өтіліне қарай көбейе береді. Бір қызықты жайт, мұнда көпшілік пайдаланып үйренген қытайлық шикізат жоқ. Барлық тауар берісі Алматы, әрісі Түркия, Германия, Ресей, Польша мемлекеттерінен арнайы алдырылады. Сондықтан да шығарылған өнімнің сапасы жоғары. Сұраныс пен тапсырыс үзілмейді. Әлемді шарпыған қаржылық дағдарыстың салқыны мұнда сезілмейді. Өткен жылы отызға тарта жаңа жұмыс қолын қабылдаған серіктестік биыл да сол шамада мамандарды тартуды жоспарлап отыр. Бұлай болғанда, "Сыр жиһазында" жұмыссыздық пен қысқарту болмайтыны өз-өзінен түсінікті. Цехтардағы қондырғылар германиялық "Алтендорф" фирмасынан шыққан. Өте сапалы әрі ыңғайлы. Сонымен қатар ағаш өңдеуге қажетті құрал-саймандар Италиядан алдырылады. Мамандардың Алматыда біліктіліктері мен кәсіби шеберліктерін арттырып қайтуы үрдіске айналған. Олар цехқа келген жастарды ағаш өңдеудің қыр-сырына баулиды.