Сырбайдың бүкіл өлеңі әнге сұранып тұр - Қ. Әбіл

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ресейде Ұлы Отан соғысы туралы ән көп дейміз. Бізде Рамазан Елубаевтың «Жас қазағы» мен Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттарынан» басқа ән жоқ деуге де болады. Ал шын мәнісінде Сырбайдың бүкіл өлеңі әнге сұранып тұр.

Шіркін, соларға қазіргі композиторлар ән жазса, бізде де соғыс туралы әндердің үлкен блогы пайда болар еді.

Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «5 тағдыр - 5 кеш» жобасы аясында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтың 90 жылдығына арналған «Жыр - Бәйтерек» атты әдеби кеште ҚР халық ақыны Қонысбай Әбіл айтты.

Әдеби кешке ақынның ұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Мәуленов, ақын-жазушылар Нұрғожа Ораз, Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы және тағы басқа қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Астанадағы С. Мәуленов атындағы мектеп пен басқа да білім ошақтарының оқушылары болды.

Шараға орай кітапхана қызметкерлері «Сыршыл жырдың саңлағы» атты кітап-иллюстрациялық көрме әзірлепті. Онда С. Мәуленовтың өмірі мен шығармашылығы сан алуан қырынан ашылады.