Сырдария ауданында 8 инвестициялық жоба енгізіліп отыр - Қызылорда облысы
Ауылдарда типтік жобадағы ауылдық наубайхана, ет, сүт сататын сәулетті сауда орны, жанар-жағармай кұю бекеті мен қызмет көрсету, сауда кешендері, 500 шаршы метр көлемде жылыжай, көкөніс консервілеу цехы, инкубатор, мал сою пункті ашылды. Облыс әкімдігі мен «Оңтүстік» ӘКК бірлескен бағдарламасына сәйкес құрылған «Сырдария» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС агротехникалық қызмет көрсетуде.
Аймақтың индустриялық-инновациялық картасына 8 инвестициялық жоба енгізіліп, оның 2-еуі үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын болады. Оның біріншісі - «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ ұсынған 25 мВт-тық екі қосымша газотурбиналық қондырғылар құрылысы болса, екіншісі - аталған компанияның «Қызылорда-Құмкөл» тасжолының 130-190 шақырымын асфальттау жобасы болып отыр. Алдағы жылдары «Кристалл Менеджмент» ЖШС «Ақшабұлақ» газтурбиналық стансысының құрылысын жүргізіп, «КРЭК» АҚ Қызылорда-Құмкөл жоғары вольтты электр желісін тартады. Оған қоса «Шаған жер» ЖШС құрама жем өндіру кәсіпорнын ұйымдастырып, жұмыс істеп тұрған ұн диірменнің қуаттылығын тәулігіне 30 тоннаға жеткізуді жоспарлаған. «ТереңөзекҚұрылысМатериалдары» ЖШС ұсынған бау-бақша және көкөніс өнімдерін терең өңдеу зауытының құрылысы мен «Адал Сервис» ЖШС-нің «Атмосфералық ауадан оттегі азот өндіретін бекеттің қуаттылығын ұлғайту» жобасы да алдағы жылдар еншісінде.
Аудандағы «Мәді-Қажы» ЖШС мақсары дәнінен тәулігіне 850 литр сапалы өсімдік майын өндіріп, қалдығынан құнарлы мал азығын, кір жуатын сабын шығаратын жобаны іске асыруда. Жетікөл елді мекенінде салынып жатқан 400 бас жылқы, 1000 бас қой бордақылау алаңы, 100 бас сиыр, 62 бас түйе сауылатын тауарлы-сүт фермасы, Айдарлы ауылындағы «Азамат» ЖШС-не қарасты балық көлі, Н. Ілиясов ауылындағы 500 шаршы метр көлемді жылыжай, көкөніс консервілеу цехы, құс инкубаторы ауданның индустриалды-инновациялық дамуының алғышарттары болмақ.